Бүгін – Халықаралық мейірімділік таныту күні
Сіз қаншалықты жиі жақсылық жасап, айналаңызға мейірімділік танытасыз?
Ендеше дәл бүгін қапы қалмаңыз, кенеттен біреуді қуантып, қайырымдылық танытып көріңіз. Себебі бүгін – Халықаралық мейірімділік таныту күні. Бұл бейресми мереке болса да, атаулы күннің пайда болуына халықаралық қайырымдылық ұйымдары бастамашы болған.
Дәлірек айтсақ, 1998 жылы Токиода мейірім үшін бүкіләлемдік қозғалыстың алғашқы конференциясы өтеді. Оған қатысқан Австралия, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Сингапур, Таиланд, Жапония секілді мемлекеттер мерекені 17 ақпанда тойлау туралы шешім қабылдайды.
Сөйтіп, идея әлемнің басқа да елдерінен де қолдау тапқан. Негізгі мақсаты – мейірімділікті насихаттау.
Мөлдір Молдағали, тілші:
- Жақсылық жасаудың еш қиындығы жоқ. Барлығымыз, әйтеуір, біреуге қол ұшын тигізуіміз мүмкін. Ал қазір адамдар қаншалықты жиі мейірімділік танытады? Оны елорда тұрғындарынан сұрап көрейік.
Олардың көпшілігі түрлі жағдайда, ойламаған жерде бейтаныс жанға көмектесуге дайын тұратынын жасырмады.
Блиц 1:
- Мысалы автобуста біреудің сумкасын көтерісіп жібересің, бір кішкентай баламен кіреді, балаларын көтерісіп, түсірісіп жібересің.
Блиц 2:
- Жолдан өтіп бара жатқанда қарт адамдар бар ғой әрең жол өтіп жатқан, қолынан ұстап жолдан өткізгем.
Блиц 3:
- Менде мысалы ол көбінесе кенеттен болмайды, көбіне мен алдын ала жоспарлап қоямын, әр күн сайын біреуге өз көмегімді тигізу керекпін деп, қаржылай болсын, ол жай ғана көңіл-күй болсын, жылы сөз болсын.
Блиц 4:
- Адамға жымиып қарағанның өзі жақсылық. Бір кісі құлап қалды делік, соған көмектесіп жіберу.
Ал осылай кенеттен мейірімділік таныту қандай сезім сыйлайды деп те сұрадық. Тұрғындардың жауабы өте әсерлі болды.
Блиц 1:
- Күшті сезімде боламын, жеткізе алмаймын, білмеймін, әйтеуір.
Блиц 2:
- Әрине, жақсы сезімде болам.
Блиц 3:
- Өз-өзіме риза боламын, біреуге көмектескенім үшін өзіме де рахмет айтамын.
Блиц 4:
- Тағы да жақсылық жасауға, тағы да сауапты істер жасауға адамның ынтасы ашылып, көңіл-күйі түзеледі ғой.
Блиц 5:
- Қолымыздан келгенше көмек берсек, адамның рухани байлығы көбейіп, жүректе тыныштық орын алады.
Блиц 6:
- Көңіл-күйді көтереді. Өмірге деген көзқарасты өзгертеді.
Иә, біреуге мейірімділік танытудың өзгеге емес, алдымен өзіңізге мың есе пайдасы барын сіз біліп пе едіңіз? Оны кәсіби психолог Анаргүл Маулиқызы растады.
Анаргүл Ибраимбекова, психолог:
- Адам басқа адамға көмектескен кезде көңіл-күйі көтеріледі, өзіне деген сенімділігі жоғарылай бастайды. Себебі адам басқа адамға көмек берген кезде күш-жігері көтеріледі. Одан кейін соның әсерінен миына сигнал барып, эндорфиндер бөлініп, қуаныш гормондары бөлінеді.
Мейірімділік танытуға көбінесе волонтерлер асық. Олардың суықта қар күреп жүрген жұмысшыларға ыстық кофе мен шай ұсынып, қараусыз қалған жануарларға қамқорлық танытып жататынын жиі байқаймыз. Дегенмен, жақсылық жасау үшін міндетті түрде волонтер болудың немесе арнайы күнді күтудің қажет емес екенін екінің бірі біледі және түсінеді. Бірақ күйбең тірлік пен қауырт жұмыс арасында бұл туралы ұмытып кетіп жатады. Сондықтан атаулы күндердің болуы маңызды деген ойға келеміз.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Өрден Жарқын, Нұрғали Мамырбаев