Ақмола облысында жаңа мамандықтар атласы әзірленді

Ақмола облысында жұмысшы мамандар жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, өңірдегі ірі өндіріс ошақтарында инженер-механик, электрик пен дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары.

Осыған орай аймақта жаңа мамандықтардың атласы әзірленді. Жауаптылар бұл маман тапшылығын жойып, бірқатар түйіткілді шешуге ықпал етеріне сенімді.

Айбек Аманқұл Шағалалы ауылындағы агротехникалық колледжде оқиды. Маңғыстаулық студент «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша білім алады. Қазір электромонтёр мамандығын меңгеру үстінде.

Айбек Аманқұл, студент:

- Бұл мамандық таңдауымның себебі көп. Бірден бір себебі мен бұл мамандыққа кішкентай кезімнен қызығамын. Менің әкем электрик, ағам электрик болған. Солай қызығушылығым артты. Осындай қарапайым мамандықтардың мен үшін маңызы зор. Бұл мамандықтың қыр-сыры көп. Әлі де жетік меңгеруім керек.

Колледжде 475 студент білім алады. Соның 200-ге жуығы жұмысшы мамандығын меңгеріп жатыр. Мұнда студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалған.

Тынышбек Смағұл, студент:

- Колледждің қазіргі әлеуметтік жағдайы өте жақсы. Себебі, біздерді үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді. Жатын орнымыз тегін. Және де бұл жақтағы оқытушы мамандардың біз сияқты студенттермен жұмыс жасауы өте жоғары деңгейде. Бізге спорт жағынан болсын, білім жағынан болсын алға қарай дамытуға көмегін тигізуде.

Арман Оспанов, колледж директоры:

- Бізде дуалды оқыту жүйесі жақсы дамыған. Жергілікті және басқа да кәсіпорындармен әлеуметіктік серіктестік келімшарты жасалады. Бұдан бөлек, қазір нысаналы мемлекеттік тапсырыс аясында еліміздегі жетекші өндіріс ошақтарына маман дайындаймыз.

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны мәлім. Осыған сәйкес, қазір аймақта жаңа мамандықтардың атласы әзірленді. Бұл еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға септігін тигізеді.

Нәжмиден Нұралин, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Ақмола облысы бойынша жұмысшы мамандықтарының атласы құрылды. Соларға сәйкес қажетті мамандықтарды зерттеп, сол бойынша жаңа мамандықтардың профильдерін колледждеріміз де ашып, сол мамандықтар бойынша студенттер дайындаймыз.

Қазір аймақтағы 20 шақты колледжде 6 мыңға жуық студент жұмысшы мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы университет бір жарым мың маман даярлайды. Бұл да өз кезегінде өңірдегі кадр тапшылығын шешуге оң ықпал етері сөзсіз.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко