Павлодар облысында теміржол жиегінде мал жайған 88 адам жауапқа тартылды
Павлодар облысында жүріп келе жатқан пойыздардың шұғыл тоқтауы жиілеген, деп хабарлайды 24kz.
Машинистер былтыр жолдағы кедергілерге байланысты тежегішті 127 рет басуға мәжбүр болды. Мұндай әрекетке негізінен шойын жол жиегінде мал жаятын тұрғындар кінәлі. Осыған орай желілік полиция қызметкерлері теміржол саласының өкілдерімен бірге Көктөбе ауылының халқымен кездесті.
Теміржол төсеміне шығып кеткен үйір жылқыны пойыз қағып кетті. Биылдың өзінде облыс аумағында пойыздар 9 рет күрт тоқтады. Қараусыз жүрген мал кесірінен машинистер Май ауданы учаскесінде тежегішті үш мәрте басқан.
Ернар Маманов, Павлодар станциясы желілік ПБ бастығының м.а.:
- Павлодар станциясының желілік полиция бөлімі қызметкерлері рейдтік іс-шаралар әрқашанда жүргізіп отырады. Қараусыз жүрген малдарды айып тұрағына қамап, иесін анықтап әкімшілік жауапкершілікке тартады.
Малды бос жіберудің зардаптары айтпаса да түсінікті. Ұзақ жыл ауданда ветеринар болған Нұрлан Жұмабаевтың айтуынша, Көктөбе ауылының өзінде 3 мыңдай ірі-қара, 5 мыңға тарта жылқы бар. «Бұл өте өзекті мәселе. Сондықтан оған бір жақты қарауға болмайды», - дейді ол.
Нұрлан Жұмабаев, Көктөбе ауылының тұрғыны:
- Проблема енді теміржол жақтан да бар. Бізде қоршаулар нашар. Оны электрлендіру керек. Сол кезде дұрыс болады деп ойлаймын. Кішкене мынандай авариялар аз болады. Бақташы қарай алмай қалады, мал кетіп қалады. Адамдар малды бағу керек, қарау керек, әкімдер жұмыс істеу керек.
«Ақсу – Дегелең» теміржол учаскесі басшысының орынбасары Фердинанд Байер былтыр 30 шақырымдай теміржол жиегінің қоршалғанын жеткізді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Ал электрлендіру мәселесі әзірге жоспарда жоқ.
Фердинанд Байер, «Ақсу – Дегелең» №2 учаскесі бастығының орынбасары:
- Қоршауларды былай қойғанның өзінде бізде бар жолдың өзі электрлендірілмеген. Әрине, болашақта мұның бәрі реттеледі деп үміттенемін. Өзіміз мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұрамыз. Мал өткелдері көп. Жолаушылар пойызы жоғары жылдамдықпен жүреді
Былтыр облыс бойынша төрт түлікке қатысты 88 факт тіркеліп, мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал арнайы рейд барысында қараусыз жүрген жануарлар айып тұрағына қамалады. Бірінші рет ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков