Президентке қоғамды елеңдеткен қылмыстық істер жөнінде мәлімет берілді

Прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу сатысында 32 мыңнан астам заңсыз шешімді тоқтатты, деп хабарлайды 24kz.

Оған қоса, 4000 азаматтың қылмыстық іске негізсіз тартылуына жол бермей, заңсыз ұсталған 1,5 мыңнан аса адам босатылған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Бас прокурор Берік Асылов хабарлады. Оның айтуынша, Бас прокурордың қарсылығы негізінде Жоғарғы сот 150 тұлғаға қатысты істің мән-жайын оң бағытқа өзгертіп, соның ішінде 10 адам толық ақталған. Одан бөлек, әлеуметтік-экономикалық салада 81 мың кәсіпкер, 979 мың зейнеткер және басқа да азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 123 мың жұмысшының еңбек құқығын бұзуға жол берілмеген. Жалпы сомасы 4,5 млрд теңге болатын алимент бойынша қарыз өндірілген. Сондай-ақ былтыр мемлекет пайдасына 627 млрд теңгеден асатын өтемақы қайтарылды. Инвесторларға да белсенді қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, экономикаға 12 трлн теңгеден астам қаржы құйған 800 инвесторға прокурорлық көмек берілді. Кездесуде қоғам назарын аударған бірқатар қылмыстық істі тергеу барысы жөнінде де мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.