Екібастұзда төбесі опырылған сауда орталығын арнайы комиссия тексереді

Екібастұздағы сауда ойын-сауық кешенінің төбесі опырылып түсуіне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды 24KZ. Құзырлы орган қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісін негізге алған. Ал арнайы құрылған комиссия адамдар көп баратын ғимаратты техникалық тексеруден өткізеді.

Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, оқиғадан кейін алты адам медициналық көмекке жүгінген. Алайда ауруханаға ешкім жатқызылмады. Зардап шеккендерге амбулаториялық ем тағайындалды. Сауда үйі қазір жұмысын уақытша тоқтатқан.

Бауыржан Әбди, Екібастұз қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Бүгін апаттарды жою арнайы комиссиясының отырысы өтті. Онда төбенің құлауына не себеп болғаны, зардап шеккендердің денсаулығы мен сауда орталығының ары қарай жұмысын жалғастыру мәселесі қаралды. Біз енді осындай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз етуіміз керек. Тұрғындардың қауіпсіздігі қашанда маңызды.