Павлодар облысында робот-сот орындаушы пайда болды

Робот сот орындаушы қызметін алмастырды. Павлодар облысында Әділет департаменті пилоттық жобаны іске қосты. Автоматты жүйенің артықшылығы сол, борышкерге кеңсеге барудың қажеті жоқ. Сот орындаушы қызметіне ақы төлемейді. Толық ақпарат борышкерге SMS-хабарлама немесе Egov мобильді қосымшасы арқылы жолданады.

Тағы бір айырмашылық, егер жеке сот орындаушы барлық шоттарға тыйым салса, робот қарыз сомасы шегінде тек бір ғана банктік шотқа шектеу қояды. Жаңа жүйе арқылы азаматтар қарыздарын онлайн төлейді. Қарыз өтелгеннен кейін шектеулер автоматты түрде алынады. Іс жүргізуді тоқтату немесе шотты қайта ашу үшін қандай да бір растау құжатын ұсыну міндетті емес.

Талғат Мұшанов, Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары:

- Тұтастай алғанда атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудан бөлек, бұл жоба азаматтарға ақшны үнемдеуге мүмкіндік береді. Демек оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде төлем жасаған борышкерлер жеке сот орындаушыларының қызметіне берешек сомасынан 3%-тен 5%-ке дейінгі ақы төлеуге ақшалай қаражатты үнемдеді. Атап айтқанда, осы кезең ішінде Павлодар облысында борышкерлер 7 миллионнан астам теңгені үнемдеді.