Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы «QazaqGaz» бақылауында

Атырау облысындағы Қашаған газ өңдеу зауытында жерасты жұмыстары аяқталып келеді. Күні бүгінге дейін құрылыс алаңына 37 мың текше метр бетон құйылып, 1100 тонна металл қондырғылар орнатылды. Қажетті жабдықтардың 90%-і құрылыс алаңына жеткізілген. Өткен сенбіде «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы өңірге арнайы барып, кезекті рет атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін жоба 2026 жылдың соңында аяқталуы тиіс. 

Бүгінге дейін құрылыс алаңында 37 мың текше метр бетон құйылып, жалпы салмағы 1100 тонна қондырғылар орнатылды. Болашақ зауыттың іргетасын бекіту үшін қондырғылардың тұғыртасына 4-тен 15 метрге дейінгі тереңдікке бетон құйылды.

Еламан Нұраш, құрылыс бөлімінің басшысы:

- Ең ауыры 170 тоннаға дейін, сол себепті астындағы фундаменті, ірге тастары астына свай құйылып, 15 метрге дейін 1370 сваи құйылды. Ол ауыр қондырғыларға әдейі арналған сваилар. Қазақстандық өнім өндірушілерді қолдау есебінде Үкіметтің тапсырмасы бойынша біздің үлкен металл констуркциялары Қазақстанның 7 зауыт өндіріп шығарды.

Зауыт құрылысы QazaqGaz басшысы Cанжар Жаркешовтың Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновпен кездесуінде де талқыланды. Кездесуге жобаның мердігерлері де қатысып, есеп берді. Құрылыс алаңына 900-ден астам адам мен 75 дана техника жұмылдырылған. Монтаж жұмыстары кезінде жұмысшылар саны 2000-ға жететін болады. Ауыр қондырғыларды орнату үшін құрылыс алаңына 200 тоннаға дейінгі жүкті көтеретін екі кран жеткізілді. Бұған қосымша, алдағы күндері 400 тонналық крандар келмек.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Мен өз басым өндірістің адамы болғандықтан, бұған жиі келіп тұрамын. Қазіргі уақытта, көріп жатсыздар, адамдар да көбейді, жұмыс қарқыны да көбейді, сондықтан да Мемлекет басшысының осы зауытты 2026 жылдың соңында салып бітіруді тапсырды. Оны орындаймыз.

Сапар барысында Санжар Жаркешов Атыраудағы тағы бір ірі жоба-сұйытылған газ терминалының құрылысымен танысты. Бұл да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, газ инфрақұрылымы үшін аса маңызды жобалардың бірі болмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.