Қарағандылық кәсіпкер бизнес орталығын салу үшін ағаштарды кесіп тастады

Қарағандыда Республика даңғылы бойында бизнес нысанын салмақшы болған кәсіпкер 30-ға жуық ағашты жұлып тастаған, деп хабарлайды 24KZ. Сол маңдағы көпқабатты үйлердің айналасында онсыз да жасыл желек аз. Тұрғындар серуендейтін жерде қазір құрылыс басталып кеткен. Жұлынған ағаштардың орнына өзгесін еге ме? Кәсіпкер бұл жауапкершілікті мойнына ала ма?

Осы аумақта жайқалып тұрған 30-ға жуық қарағаш түгел оталған. Енді бұл жерге 3 қабатты бизнес орталығы салынады. Тұрғындар жасыл желекті бұлайша жұлып тастағанына наразы. Олар орнына ағаш ексін деп талап қойып отыр. 

Бахтияр Омарханов, қоғам белсендісі:

- Маған да түсті, Instagram парақшасына, қаладағы пабликтарға да сигналдар түсіп жатты. Міне, қоршау құрылып жатыр, ағашты құртады дегендей. Әкімдіктен мен сұрағанда «Біз рұқсат бергеніміз жоқ», – деді. Бірақ трактормен жұлып жатқан кезде сұрағанымда «Біз әкімдіктен рұқсат бердік», – дейді. «Көбірек ағаш отырғызамыз», – дейді. Осындай «компенсационный вырубкалардың» орнына қай жерде еккені, қалай өсіп жатқаны – оның барлығы түсініксіз бүгінгі күні.   

Ал компания өкілдері жұлынған ағаштардың орнына 280 түп көшет егеміз деп отыр. Оны өздері күтетінін айтты. 

Марат Қажыбеков, құрылыс директоры:

- Біз жасыл желекті барынша сақтауға мән береміз. Құрылысқа бөгеті жоқ ағаштарға тиіскеніміз жоқ. Ал жұлынғанының орнына міндетті түрде ағаш егеміз. Дұрыс жерін белгілеп, сонда егіп, өзіміз суарып отырамыз. 

Былтыр әкімдік тарапынан қаладағы 176 түп ағашты кесуге рұқсат берілген. Биыл соның орнына кәсіпкерлер 1760 түп егеді. Алайда тұрғындар егілген ағаштардың күтіміне мән берілмейтінін айтып жиі шағымданады. Мұндай жауапкершілігі жоқ компанияларды әкімдік сотқа береді.

Нариман Итқарин, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімдігі жоспарлау және абаттандыру бөлімінің басшысы:

- Егер ағаштарды биыл көктемде ексе, келер жылы сол мезгілде олардың қалай өсіп жатқанын тексереміз. Әр түпке мән береміз. Егер қурағаны болса, оны тіркеуге алып, кәсіпкерлерге хат жолдаймыз. Олар орнына өзгесін егуі тиіс. Егер талапты орындамаса, сотқа береміз.

Ағаш егу жұмыстарына әкімдік экологтар мен орманшыларды көмекке шақырады. Себебі өздерінде ондай маман жоқ. Өлкеге бейімі таңдалып, егу тәртібі сақталмаса, көшеттер қурап қалады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков.