Семейдегі саяжайдың қалаға шығатын жалғыз көпіріне жөндеу жүргізу қажет

Семейдегі «Большой Остров» саяжайының тұрғындары қалаға шығатын жалғыз көпірдің жөнделуін талап етеді.

Себебі көктемде оны шайып кету қаупі бар.

Бірер күн бұрын Ертіс өзені арнасынан асып, аспалы көпір айтарлықтай бүлінді. Қазір 200-ден аса адам мекен ететін саяжайдан халық біртіндеп көшіп жатыр. Ал барар жері жоқ жандар амалсыздан саяжайда қалуға мәжбүр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бұл көпір өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған. Қазір көріп тұрсыздар темір арқандардың біраз үзіліп, суға түсіп кеткен. Қазірдің өзінде көпір бір жағына қарай қисайып тұр. Енді тұрғындар көктемдегі қарғын су оны мүлде шайып кетеме деп алаңдап отыр.

Икен Қараханова осы саяжайда 40 жыл бойы тұрады. Бұған дейін су былай көтерілген емес дейді. 75 жастағы кейуана қаладағы балаларының қолына көшуге мәжбүр. Себебі су көтерілсе, баспанадан айырылып қаламын деп алаңдайды.

Икен Қараханова, қала тұрғыны:

- Құлайды, құлайды шыдамайды ол. Жаңа көрдіңіздер қалай жатқанын. Ал қалай өтеді мына кісілер өте алмайды. Бізде мында 88 ге келген атамыз тұрып жатыр, бауыр.(скл) МЧС келді давайте эвакуация жасайық деп. Бір ай жасайды, екі жасайды сосын. Малы бар қайткенімен, бізде міне бәрін тастап жауып кеттік.

Бұл саяжай Суық бастау кентіне қарайды. Мұнда 200-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Қалада пәтерлері бар сонда көшіп кеткен. Бірақ 20-ға жуық отбасы осында қысы-жазы тұрады. Себебі саяжай олардың жалғыз баспанасы.

Анатолий Родичкин, Суық бастау кентінің тұрғыны:

– Бұл көпір біз үшін өте маңызды. Себебі біз сол арқылы орталыққа қатынаймыз. Көпір болмаса қиналып қалатынымыз анық. Оны шайып кетсе қалай жүреміз, қайықпен қатынаймыз ба? Сол үшін бізге жергілікті әкімдіктің көмегі қажет. Көпірді күрделі жөндеуден өткізсе дейміз.

Тұрғындардың пайымынша көпірдің бүлінуіне Шүлбі СЭС себеп. Соңғы күндері станциядан су шамадан тыс жіберілді. Соның кесірінен көпірді су алып кетті. Ал мамандар бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Әділет Бейісханов, Шүлбі СЭС басқару орталығының маманы:

- Шүлбі СЭС штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Гидротехникалық құрылғыларды қолдану кезінде ешқандай бұзушылықтар болған жоқ. Барлық жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Ертіске жіберілетін су мөлшері үнемі бақылауда.

Жергілікті әкімдік те жағдайдан хабардар. Олар тәулік бойы байланыста екендерін жеткізді. Қазір саяжай тұрғындарына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Берік Нұрболатов, қала әкімінің ТЖ бойынша көмекшісінің м.а.:

- Ол азаматтардың барлығымен өзім жеке таныспын. Сол жақтың инпекторымен бірге барып сөйлестік. Енді бұл мәселе күнделікті біздің назарымызда деп айтсақ болады. Қазір адам өміріне ешқандай қауіп жоқ.

Ұзындығы 100 метр, ал ені 1,5 метр болатын көпірге осыған дейін тек ағымдағы жөндеу жүргізіліп келді. Қалалық әкімдік өкілдері жақын арада оны толық жаңарту жоспарда жоқ екенін айтты.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов