Шымкентте ерекше балаларға арналған жекеменшік орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Шымкентте ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр.

Бұған арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау жүйесінің енгізілуі себеп.

Аталған орталық басшылары шағын мекемелер үшін жаңа талаптарды орындау мүмкін емес деп отыр. Ал жүздеген ата-ана баласының болашағына алаңдаулы. Себебі, қалада мемлекеттік орталықтар санаулы ғана. Олар көмекке мұқтаж балаларды түгел қамти алмайды.

Шымкентте ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік орталықтар бірінен соң бірі жабылып жатыр. Бұл мегаполистегі жүздеген ата-анаға ауыр тиді. Егіз баланың анасы Алина Мецгер орталықтың жабылуына үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

Алина Мецгер, қала тұрғыны:

- Балалардың өздері қалаған оңалту орталығына баруына ешкім қарсы болмауы керек деп ойлаймын.  Біздің талабымыз жоғары жаққа жетсе деген тілегіміз бар.

Оңалту орталығында бір баланың күндік оқу ақысы 8 мың теңге шамасында. Осыған дейін оның жартысын мемлекет өтеп келді. Ал биылдан бастап бұл ереже өзгерді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет енді лицензияланады.

Елена Фролова, қайырымдылық қорының президенті:

- Қаладағы осыған дейін мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп келген орталықтар түгел жабылды. Әрине, біз лицензиялау жүйесіне қарсы емеспіз. Бірақ оның талаптары үкіметтік емес ұйымдар үшін кішкене жеңілдесе дұрыс болар еді.

Лицензиялау ережесі бойынша жекеменшік орталықтарға штат санын көбейту жүктелді. Мысалы 50 балаға арналған мекемеде 62 қызметкер болуы тиіс. Дәрігерлерден бөлек, бірнеше күзетші, бағбан, аула сыпырушы, электромонтер, қосалқы жұмысшылар және мемлекеттік сатып алу менеджері болуы шарт. Сонымен қатар 16 беттен тұратын материалдық-техникалық құралдарды сатып алу қажет. Оған физиокабинет пен жаттығу залын қосыңыз. Дегенмен, әлеуметтік мекемелерді үйлестіру бөлімінің мамандары «балалар көмексіз қалмайды» деп сендірді.

Раушан Сейдақбар, әлеуметтік мекемелерді үйлестіру бөлімінің басшысы:

-  Балалар өздері барып жүрген орталыққа әбден бауыр басып қалған. қан. Сондықтан, ол орталықтарды қолдау жолдарын қарастырып жатырмыз. Жекеменшік орталықтардағы штаттық кестені азайтып, министрлікке ұсыныс хат жолдадық.

Қазір Шымкенттегі үш мемлекеттік орталыққа 450 бала барады. Тағы 372 бүлдіршін осыған дейін жеке оңалту орталықтарының көмегін алып келген. Ал 18 жастан асқандарды қабылдайтын жалғыз орталық лицензия алмаса жабылып қалуы мүмкін.

Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов