Костенко шахтасындағы апат: кінәлілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Костенко шахтасында болған апатқа кінәлілер 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қарағанды облысының прокуратурасы 46 кеншінің өліміне алып келген қылмыстық істі сотқа жолдады. Құжат 106 томнан тұрады.
Тергеу барысында тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жүргізді. Апат 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысының Костенко шахтасында болған еді. Жарылыс күні жерастында 252 адам жұмыс істеген, 208 кеншіні құтқарушылар аман алып шықты, 46 адам қаза тапқан болатын.
Сымбат Кәкенбаев, Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Барлығы қамауда. Оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша («тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») айып тағылды, аталған бап бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші ретінде танылды. Материалдар негізі бойынша қарау үшін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының аудандық сотына жіберілді.