Үкіметтік комиссия «Жомарт» кенішінде жұмысын бастады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия апат болған «Жомарт» кенішінде жұмысын бастады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған комиссия апатты толық зерттеп, себеп-салдарын анықтайды. Істің заңды жүргізілуін қамтамасыз етеді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия апат орнына бүгін түс ауа жетті. Тергеу барысымен танысып, алғашқы жұмыс отырысын өткізді. Онда апаттың алдын ала себептері айтылды. Төтенше жағдайлар департаменті әзірге шахтаның астында метан газы жарылған деген болжам айтып отыр. Әрине, оны тергеу анықтайды. Оған дейін шахтадағы жұмыс толықтай тоқтатылады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, апаттың себебін анықтау жөніндегі Үкіметтік комиссия төрағасы:
- Апаттың себебі толық анықталғанша шахтаның жұмысы тоқтатылады. Жұмысты бастау туралы тіпті ойламаңыздар. 7 адамнан айырылып қалдық. «Қазақмыстың» тарихында мұндай жағдай болған емес. Сол себепті қауіпсіздік жүйесін толықтай қайта қарауымыз керек. Қазір бізде қауіпсіздік жөнінде комитет құрылды. Енді мемлекет тарапынан бақылау күшейтіледі.
Комиссия мүшелері одан әрі Жезқазғанда штаб отырысын өткізеді. Қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтады.
Еске сала кетсек, кеше Жезқазғаннан 200 шақырым жердегі «Жомарт» кенішінде шахта опырылып 7 жұмысшы үйінді астында қалып қойған еді. Құтқару-іздестіру жұмыстары таңға дейін жалғасты. Өкінішке қарай, үйінді астындағы кеншілердің бәрі көз жұмды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.