Заң бұзған блогерлерге ескерту хабарламасы жіберіліп жатыр
Отандық блогерлер 53 млрд теңгеден астам кірісін жасырып қалған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бұл. Қазір заң бұзған желі белсенділеріне жаппай ескерту хабарламасы жіберіліп жатыр. Олар бір ай көлемінде табысына қатысты барлық ақпаратты ашық көрсетуі тиіс.
Әлішер Әли, тілші:
- Құрметті менің оқырмандарым, біз бүгін мына көлікті өртейміз. Бұл, әрине, қалжың. Алайда әлеуметтік желіде көлігін жерге көміп немесе өртеп жіберетін блогерлерлерді көп көреміз. Бұлар өздеріне көрермен жинау үшін қымбат көлікті құрбандыққа шалатыны белгілі. Екінің бірінің қолы жетпейтін көлікті алу үшін қыруар ақша керек. Демек блогерлердің табысы көп. Ал сол табысына қарай салық төлеп жүр ме?
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша республикада 745 блогер бар. Олар түрлі әлеуметтік желіде тіркелген 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалар. Желі белсенділері 2021 жылы 213 млн теңге кіріс кіргізген. 2022 жылы бұл сан 290 млн-ға жетсе, 2023 жылы 674 млн болды. Ал былтырғы 9 айда мемлекетке 1 млрд 226 млн теңге түсті.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өткен жылы қабылданған онлайн платформалар заңы бар. Соның аясында блогерлер жарнамадан кіріс, табыс тапса да, оның барлығын заңдастыру керек. Одан кейін жарнама салғанның өзінде де демеушілік материал немесе серіктестік материал сияқты пиар құқығында міндеттемелерін беру керек. Ал соған сәйкес блогерлер кәсіпкер ретінде тіркелу керек.
Елде заң бұзған желі белсенділеріне жаппай ескерту хабарламасы жіберіліп жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті декларация тапсырған 594 тұлғаның табысына қатысты деректерді салыстырған. Нәтижесінде 53 млрд теңгенің есебінде сәйкессіздік анықталды.
Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР Қаржы министрлігі Кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- 594 тұлғадан жалпы көлемі 53,3 млрд теңге сәйкессіздік анықталды. Нәтижесінде ақпан айының 13-14 күні салық төлеушілерге хабарламалар жіберілді. Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігін тапсырылады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсыну қажет.
Табысын жасырған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке де тартылады. Мұның бәрі төленбеген салықтың мөлшеріне байланысты. Оның көлемі 50 мың айлық есептік көрсеткіштен асса, заңбұзушы темір торға тоғытылуы мүмкін.
Авторлары: Әлішер Әли, Салауат, Берік Шарав.