Қызылорда облысында фермерлер ₸150 млн субсидияны заңсыз алған

Қызылорда облысының прокурорлары шаруалардан заңсыз берілген субсидияны өндіріп алды, деп хабарлайды 24KZ. Осылайша қазынаға шамамен 150 миллион теңге қайтарылды.

 Мемлекеттен бөлінген қаржы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалуы тиіс еді. Фермерлердің оған қол жеткізуі үшін жалған құжат тапсырғаны белгілі болды. Сонымен қатар құзырлы орган өкілдері субсидиялау ережелері мен тәртібінің өрескел бұзылғанын анықтады. Прокурорлардың айтуынша, мақсатсыз жұмсалған қаржыны апелляциялық өтініштің арқасында бюджетке қайтару мүмкін болған.

Бауыржан Сәтбаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Бұл шешімдердің заңдылығы апелляциялық мерзімдерде заң тұрғысымен зерделеніп, нәтижесінде сот шешімін қайта қарау туралы облыс прокуратурасымен апелляциялық өтініш хат енгізілді. Қаралу қорытындысымен бірінші саты сотының шешімдері заңға сәйкестендірілді. Бүгінгі таңда сот актілерімен заңсыз берілген 142 миллион теңге субсидия мемлекет бюджетіне өндірілді.