Шымкентте бауыр трансплантациясы сәтті жасалды
Түркістан облысының дәрігерлері алғаш рет бауыр трансплантациясын жасады, деп хабарлайды 24KZ. Шымкенттегі клиникалық аурухана базасында жасалған күрделі операцияға еліміздің бас хирургы жетекшілік етті.
Қазір 48 жастағы науқас пен донордың өміріне қауіп жоқ. Бөлімшеге шығарылған. Ағза ауыстыру операциясына науқастың 19 жастағы қызы келісім берген. Дәрігерлердің айтуынша, олар жіті медициналық бақылауға алынып, алдағы 6 айда толық қалыпты өмірге оралады. Жоғары жауапкершілік жүктеген ағза ауыстыру операциясы саланың дамуына жол ашады. Қазір Түркістан облысы бойынша шамамен 600 науқас бауыр трансплантациясына мұқтаж.
Жанболат Ділдабеков, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:
- Жарты бауырын берген донорымыз бөлімшеге ауыстырылды. Жағдайы орташа ауырлықта. Қазір біз оны орнынан тұрғызып, жүргізіп, қимылдатып жасап жатырмыз. Реципиенттің жағдайы тұрақталып келе жатыр. Бірақ әлде де бақылауды қажет ететін болғандықтан біз қарқынды емдеу бөлімшесінде бақылап отырмыз. 3 айдан 6 айға дейін созылуы мүмкін толығымен оңалып кетуі үшін. Оның өміріне, өмір сапасына ешқандай зияны тимейді.