Қостанай облысында екі мектеп жабылды
Қостанай облысында 11 бастауыш, 2 негізгі мектеп жабылды, деп хабарлайды 24KZ. Жұмысын тоқтатқан екі тоғыз жылдық мектептің бірі Көктерек ауылында орналасқан. Аталған елді мекен балаларының бірі қазір аудан орталығы Меңдіқарада интернатта жатып, енді бірі қатынап оқып жүр. «Оқушыларды тасымалдайтын арнайы көліктің жоқтығынан баланы күнделікті апарып, алып-кетудің қиындығы көп», – дейді тұрғындары.
Көктерек ауылындағы жалғыз әлеуметтік нысан 9 жылдық мектеп былтыр жабылып қалды. Осында орналасқан медициналық пункт те жұмысын тоқтатты. Қазір жергілікті медициналық қызметкер науқастарды үйінде қабылдауға мәжбүр.
Екі қабатты мектеп 1992 жылы салынған. Одан кейін күрделі жөндеуден өткенімен былтырдан бері қаңырап бос тұр.
Лиза Қожахметова, Көктерек ауылының тұрғыны:
- Әу баста ата-аналармен ақылдаспай, «районный» келгендердің ниеттерімен жабылып отырған мектеп. Ата-аналардың бәрі де қарсы. Біз өзіміздің алғашқы алдағы уақытта ең болмағанда 1-ден 3-ке дейін қалдырғанын қалаймыз. Балам биыл мектепке барады. Мен ауылдан кеткім келмейді.
Бақыткүл Байжанова, Көктерек ауылының тұрғыны:
- Мектеп жабылды. Балаларымыз қатынап оқиды. Көлік керек. Машиналар кейде сынып қалады. Апара алмаймыз кейде. Машина іздейміз.
«Көктерек мектебін соңына дейін сақтап қалуға тырыстық, бірақ бала саны жетпегендіктен, жабудан басқа амал қалған жоқ», – дейді білім басқармасындағылар. Ал тасымал мәселесі жақын арада шешімін табады.
Анна Лазарева, білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Тасымалдауды ұйымдастыру – бұл мемлекеттік қызмет түрі. Ол үшін алдымен ата-аналардан өтініш түсуі керек. Осы уақытқа дейін ешкім ондай өтініш берген жоқ. Кеше ғана олар жазып қалдырыпты. Енді балалар тасымалын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу байқауын жариялаймыз.
70-тен астам тұрғыны бар Көктерек ауылында медициналық пункт мәселесі де түйінді күйінде қалып отыр. Медициналық мекеме деген атауы болғанымен, жеке отыратын отауы жоқ.
Айдана Бүркітбаева, Меңдіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Жаз мезгілі жеке үйді жалдағанбыз. Қыс түсе, оны жылыту қиын болды. Сондықтан одан бас тарттық. Ауылдық округ әкімімен сөйлесіп, жаз шыға басқа орынды байқап көреміз бе деген ойымыз бар. Көктеректе жаңа құрылыс салу жоспарда жоқ. Бірақ қалай болғанда да, ауылды мемдициналық қызметсіз қалдырмаймыз.
«Ал Көктеректе бастауыш мектеп ашу жайында, егер кемі бес бала жиналатын болса, бұл мәселесіні қарастырамыз», – деді білім басқармасының өкілі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.