Шахтадағы апат: Үкіметтік комиссия жиын өткізді
Үкіметтік комиссия апат болған «Жомарт» кенішінде жұмысын бастады. Жұмыс тобын премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
Оның құрамында Ұлытау облысының әкімі, Төтенше жағдайлар министрі, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бар. Олар түске дейін жеті кеншінің өмірін жалмаған қауіпті аумаққа арнайы барып, жағдаймен танысты. Құтқарушылармен тілдесіп, жиын өткізді. Басқосу барысында Қанат Алдабергенұлы тергеп-тексеру шаралары жедел әрі тыңғылықты жүргізілу керектігін айтты. Мұндай апаттарға жол бермеу үшін қауіпсіздік мәселесін басты назарға алуды міндеттеді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы:
- Қазір біздің басты мақсатымыз – тексеру жұмыстарын тиянақты әрі сапалы жүргізу. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Құқық қорғау органы тарапынан тиісті сараптамалар жүргізілуі керек. Ал өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы бойынша еңбек инспекторларын тарта отырып тергеу жүргізіледі. Соның нәтиждесі бойынша нақты шешім қабылдаймыз.