«Amanat» партиясының мүшелері кезекті мобильді қабылдау өткізді
Шымкент тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар мәселелер алаңдатады. Жұрт жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы мен қоғамдық көліктің аздығына наразы.
Тұрғындар қалың қар жауса, еріген батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес деп базыналарын «Amanat» партиясының қоғамдық қабылдауында айтты. Кезекті мобильді қабылдау кезінде шаһардағы бірқатар түйткіл талқыланды. Жарық, жылу, баспана құжатын заңдастыру жайы да сөз болды. Былтыр партияның қалалық филиалы 99 мобильді қабылдау өткізген. 500-ден аса азаматтың өтініш-тілегі тыңдалды. Бүгінде соның 74 пайыздан астамы оң шешімін тапқан.
Ербол Байқонысов, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:
- Бұл жерде көбіне жаңадан салынған үй-жай болғандықтан, көптеген құжаттың дұрыс еместігі анықталып жатыр. Сондай-ақ инфрақұрылым мәселелері – жарық, газ, су, жол жағдайлары қозғалып жатыр. Бұның барлығын біз басшылықтың назарына алып жатырмыз.