Ақбөкендер Жезқазған көшелерінде еркін жүр
Ұлытауда киік көп. Әдетте күзде оңтүстікке ауатын ақбөкеннің біразы осы төңіректе қыстап қалған. Тіпті Жезқазған қаласының айналасында жол бойында жайылып жүр. Көліктен үрке қоймайды. Тіпті жалғыз жарым киік қаланың ішіне де кіріп кетіп жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан ақбөкендердің Жезқазған көшелерінде еркін жүргенін көруге болады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген тұрғындар «адам көзіне түсе бермейтін дала жануары ашыққаннан келген» дейді. Ал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары: «Алаңдауға еш негіз жоқ», - деп отыр. Олардың айтуынша, өңірде қыс жайлы болған соң, мыңдаған ақбөкен Арқа даласында қыстап қалған. Тек бір ғана Жезқазғанның маңында шамамен 2 мың бас киік жайылып жүр.
Закария Тұралиев, Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Адами фактор дейміз ғой, техника бар, үркітеді, балалар қызығып қуады, машинаның сигналынан үркіп, кіріп кетіп жатқан жағдайлар бар. Бүгінгі күні ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қар қалың болып, киік өлетін жағдайға келетін болса, онда, әрине, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жол салып, биотехникалық шаралар ұйымдастырылады.