Астанада құстың 84 түрі мекендейді
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы жүргізген санақтың аралық нәтижесі осындай.
Мамандар мегаполистен Қызыл кітапқа енген қанаттыларды да кездестірген. Жоба әлі де жалғасады.
Астана аумағындағы құстар әлемі бұған дейін зерттелмеген. Былтыр алғаш рет Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы санақ жүргізуді қолға алды. Бастамаға қолдау білдіргендер көп. Әсіресе студент волонтерлардың қызығушылығы азаматтық ғылымның дамуына серпіліс бергендей.
Нарқыз Махмет, волонтер:
- Қатысушыларда өзінің белгілі 1 маршруты болады. Сол маршрут бойынша біз алғашқы бинокльмен қараймыз. Одан кейін полевой дневник деп аталады, соған тіркеп жазып аламыз. Содан кейін халықаралық сайтта тіркеп отырамыз. Жоба волонтерлық тұрғыда басталған болатын.
Бақылау 164 сағат жүргізілді. Мамандар құстардың ең көп топтанатын орны Орталық саябақ, Президент, Триатлон, ғашықтар және Жерұйық саябағы, сондай-ақ кіші Талдыкөл маңы екенін айтады. Әзірге 84 құс түрі тіркелді.
Еңлік Қайырсынова, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының қызметкері:
- Солардың арасында ең көпшілігі күнделікті көріп жүретін торғайлар болды, шымшық болды, яғни күнделікті көріп жүретін түрлер көбірек болды. Қосымша сирек кездесетін құстар да кездесіп отырды. Мысалы, кіші Талдыкөл бойында біздің санақшылар қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстарды да кездестірді. Соның бірі ақбас үйрек деп айтуға болады.
Құстар ежелден адамның досы саналады. Сондықтан болар, мегаполистен де жайлы орын тауып, алаңсыз тіршілік кешіп жүр. Мамандар: «Астанадағы қанаттылар түрінің әлі де көп болуы мүмкін», - дейді. Қазір санаққа қауымдастықтың ғылыми қызметкерлері, волонтерлар және студенттер қатысып жатыр.
Әмір Кәрібай, студент:
- Қазір біз ементұмсық деген құсты көрдік. Ол негізі орман жақта кездеседі. Астана орталық саябағы, Жерұйық, Ботаникалық саябақтарында кездеседі. Ементұмсық ағаштың дәндерін жейді. Клен, рябина, бояра.
Әлбетте, зерттеу жұмыстары құстар қайтып келетін шақ, көктемде қызады. Демек, қаланың орнитофаунасын зерттеу жобасына волонтерлар әлі де керек.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Астанаға қыстау үшін де ұшып келетін құстар бар. Олардың қатарында кәдімгі суықторғай, шымшық, самыр, т.б кездеседі. Ал еу аумағындағы құстар жайлы ақпаратты мынадай Қазақстан құстары далалық анықтағышынан білуге болады. Кітап былтыр жарық көрді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап