Қарағанды облысында 150 елдімекенге тасқын судан қауіп бар
Қазір өңірде дайындық жұмыстары күшейтілді.
Облыста қарғын судан қауіп төнетін 6 6ағыт бойынша күштік құрылымдар, техникалар жасақталды. Ал Қарағанды қаласында ахуал қалай? Жыл сайын су жайылатын көшелердің жайы не болмақ?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
-Жыл сайын қаланың оңтүстік-шығыс аумағындағы бірнеше көшені даладан келген қарғын су басып кететін. Себебі коллекторлар көп мөлшерде келген суды ағызып үлгермей, жертөлелерге дейін кіретін. Ал былтырдан бері су қала сыртымен айналып өтуі үшін осындай канал қазылып жатыр. Бұл жұмыс 10-шы наурызға дейін аяқталуы тиіс.
Жылдағы жағдай қайталанбас үшін биыл су арнасын бұруға арналған мына арық іске қосылады. Оның орташа тереңдігі 5 метрден асады. Ал жалпы ұзындығы – 2 шақырым. Су осы арықпен ағып, Жартас каналына құяды.
Григорий Ботнарь, Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл қазылған арықтың қаншалықты тиімді болатынына көктемгі су тасу уақытында көз жеткіземіз. Оны қазбас бұрын алдын ала гидрологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Жұмыс ауқымы үлкен. Осы арық арқылы 95 мың текше метр суды қала сыртымен ағызып жібереміз. Бұл қаланың оңтүстік-шығыс аумағындағы коллекторларға баратын су мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Жылдағыдай көшелерді су баспайды.
Кеншілер қаласындағы жеке үйлердің ойпаң аумақтарына жылда су жиналады. Қазір көшелерде қар аршу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ 15 мың құм толы қап дайындалған. Бұған қоса Федоров су қоймасы маңындағы саяжайларға жақын Соқыр өзенінің арнасы қамыс пен шыбықтан тазартылуда. «Соңғы рет мұндай жұмыстар 2018 жылы істелді», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Ерік Ахметов, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:
-Көктемде үлкен су келген кезде бөгетсіз өтуі үшін сол мақсатта алынып жатыр. Бұл осы үш саяжай қауымдастығы бар, соларға су жайылып кетпес үшін арнаны тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өңір бойынша 150 елді мекенге су тасқынынан қауіп бар. Далада қар қалың. Жердегі тоң 30 сантиметрге жеткен. Күн күрт жылыса, тасқын қаупі туындауы мүмкін.
Думан Далешов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы күш-құралдары су қаупін жою мақсатында 6 бағытта жиналды. Оны біз былтырғы жылы қай елдімекеннен су тасу басталады, соны шығарып салу мақсатында күш-құралдарды дайындап қойдық. Ол енді жылдағы практика көрсетеді, осы Қарқаралы ауданынан басталады. Сол ауданнан бастап су қаупі бар аудандарға 6 бағытта бөліп қойдық.
Бүгінгі таңда облысқа қарасты Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Ботақара су қоймалары да жіті бақылауда. Бұған қоса көпірлер мен жол бойындағы су өткізу құбырларының қары тазартылып жатыр. «Наурыз айының басына «Қазгидромед» беретін ауа райы болжамы бойынша әрекет етеміз», - дейді Төтенже жағдай қызметінің өкілдері. Өзендерде мұз жару жұмысы соған сәйкес басталады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков