Алматыда автобөлшектер сақтайтын ірі қоймада өрт болды
Алматыда автобөлшектер сақтайтын ірі қойма өртенді. Нысанда автомобиль дөңгелектері, аккумуляторлар, сондай-ақ медициналық және респираторлық бетперделер сақталған.
Тез тұтанатын заттардың болуы өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатты. Қаланың біраз бөлігінен қара түтін байқалды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына небәрі 6 минутта жетіп, шұғыл штаб құрылды. Өрттің ауқымына байланысты арнайы автопоезд жұмылдырылды. Құтқарушылар ең алдымен қоймаға іргелес орналасқан көпқабатты әкімшілік ғимаратты қорғауға күш салып, қызыл жалынның басқа нысандарға таралуына жол бермеді. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтыған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өрттің нақты шығу себебін арнайы зертхана мамандары анықтайтын болады.
Бағдат Шәйзада, Алматы қаласы ТЖД басшысының бірінші орынбасары:
- Қойманың қабырғалары темір-бетоннан болғандықтан, ыстық жалынға еріп, құлай бастады. Бұл жағдай құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге қауіп тудырды. Өрт үш мың шаршы метр аумақты қамтыды. Өрт орнында 26 техника мен 100-ден аса қызметкер жұмылдырылды.