Ақтауда жастар есірткі жарнамасына қарсы рейд өткізді
Ақтауда жастар құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, есірткі жарнамасына қарсы рейд жүргізді.
Шара шаһардың өндірістік аймағында өтті. Волонтерлер қараусыз қалған нысандардың қабырғаларындағы граффити түрінде жазылған есірткі жарнамаларын аэрозоль бояулармен өшірді. «Есірткісіз аймақ» акциясына 50-ден астам студент пен спортшы қатысты. Құрылыс алаңдарын тексергеннен кейін, еріктілер сауда орталықтарына барып, тұрғындарға есірткі заттарының зияны туралы жадынамалар таратты. Полиция деректеріне сүйенсек, өткен жылы өңірде есірткі саудасымен айналысқан 40 адам ұсталып, ірі арнаның жолы кесілген.
Камиль Будайчиев, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- 2024 жылы өңірге өзге елден синтетикалық есірткі әкеліп, сатумен айналысқан қылмыстық топты ұстадық. Сондай-ақ оңтүстік өңірден марихуана тасымалданған ірі есірткі арнасы жойылды. Жыл басынан бері жалпы салмағы 300 келі болатын есірткі партиясы тәркіленіп алынды. Күдіктілер бойынша іс сотта қаралып жатыр.
Айым Жеңісбаева, ерікті:
- Бүгін міне волонтерлар болып бірге шығып, қабырғаларда жазылған жарнамаларды бояп, есірткіге қарсы күрес жүргізіп жатырмыз. Себебі біз денсаулықтың қадірін, мұның дұрыс емес екенін түсінеміз. Адам өзі бір нәрсемен айналысуы керек. Спортпен айналысуы керек.