Абай облысында интернет алаяқтар 100 адамды тақырға отырғызды
Абай облысында интернет-алаяқтар жүз адамды тақырға отырғызып, 50 млн теңге көлемінде шығын келтірген.
Абай облысы Полиция департаментінде құрылған «Cyberpol» тобы 12 адамның 4 млн теңгесін қайтарыпты. Дегенмен алаяқтардың арбауына түскендердің дені әлі күнге дейін ақшаларын қайтара алмай жүр. Құзырлы органдар күресті күшейткен. Бірақ интернет-алаяқтардан айла артылар емес.
Ақшәулі ауылының тұрғыны Эльмира Садықованың мамандығы мұғалім. 32 жылдан артық ауыл мектебінде жұмыс істеп келеді. Екі жыл бұрын алаяқтардың құрығына түскен. Белгісіз біреулер оның атына несие рәсімделіп жатқан айтып, жеке деректеріне қол жеткізген. Осылайша 5 млн теңге көлемінде шығынға батырған.
Эльмира Садықова, Ақшәулі ауылының тұрғыны:
- Мен көзіммен көріп, қолыммен ұстамаған ақшамды төлемеймін. Оны төлейтін де ақшам жоқ. Алдында менің алған төрт кредитім бар. Сол кредитке қарамастан мені бес млнға ұрындырып отыр. Мен кредиттің өшірілуін сұраймын.
Татьяна Әлімғалиева да дәл осындай жағдайда. Бүгінде алданғанын дәлелдеу үшін талай есіктің табалдырығын тоздырып жүр. Алаяқтар оның мойнына 7,5 млн теңгені іліп жіберген. «Полицияға арыз жазған, бірақ нәтиже болмай жатыр», - дейді. 2022 жылдан бері бес тергеуші ауысқан.
Татьяна Әлімғалиева, қала тұрғыны:
- Банк қызметкерлері менің ісімді коллекторларға жіберген. Қазір маған күні түні хабарласады, қорқытып смс жазады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Алаяқтарға алданғанымызды заңды түрде дәлелдегіміз келеді, кінәлілер жазасын алса екен дейміз.
«Бүгінде криминалист, IT мамандардан жасақталған «Киберпол» тобы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Бірақ алаяқтардың айласы тыйылмай тұр», - дейді. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша интернет-алаяқтардың құрығына түсетіндердің көбі зейнеткерлер.
Мират Қабытаев, Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Ең көп танымал бізде полиция қызметкер, банк қызметкері деп немесе казпочтадан смс келді деп орысша өздері сөйлейді. Сондай интернет алаяқтар көп кездесуде. Танымал әлеуметтік желілерде кездесетін жарнамаларға қарап, арзан тауар аламын деп ақшаларын аударып қояды.
Интернет алаяқтардың арбауына түспеу әр адамның өз қолында. Қас пен көздің арасында қаржыңыздан айырылып қалмау үшін жеке деректерді жария етпеу қажет, дейді киберполиция қызметкерлері.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов