Петропавлда көшедегі суағарларды тазалау жұмыстары басталды
Петропавлда көктем алдында көше суағарларын тазалау жұмыстары басталды.
Коммуналдық қызмет мамандары қала бойынша 200 шақырымнан асатын нөсерлік кәріз желісін аршып шығуы тиіс. Бұл жұмысқа қанша күш жұмылдырылған?
Көктем алдында коммуналдық қызмет мамандары үшін қауырт кезең басталды. Қазір олар қаладағы көше суағарлары мен нөсерлік кәріз желілерін тазалауға кірісті. Жұмыс оңай емес. Қалың қардың астында мұз бен тұрмыстық қалдықтар жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавл қаласындағы суағарлардың жалпы ұзындығы 235 шақырым. Оның жартысынан астамы ашық күйде жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, кейбір тұрғындар оларға күл-қоқыс тастап, бітеп тастайды. Соның салдарынан көктемде еріген қар суы құбырлардан өте алмай, жан-жаққа жайылады.
Көше суағарлары мен нөсерлік кәріз желісін тазалауға 20 арнайы техника жұмылдырылған. Олар қар мен тұрмыстық қалдықтарды қаланың сыртына апарып төгеді. Жұмыс бригадалары бір - бір аумаққа бекітілген.
Руслан Селезнёв, коммуналдық ұйым бригадирі:
- Әр бригадада 6 адамнан жұмыс істейді. Көктемде тұрғындардың үйіне еріген қар суы кірмесін деп еңбектеніп жатырмыз. Бірақ, олар да осығанмән берсе дейміз. Құбырлар неше түрлі тұрмыстық заттарға толып қалған. Оны қолмен аршып шығару өте қиын.
Облыс орталығында суағарларды тазалаумен қатар қар шығару жұмысы да бәсеңдеген жоқ. Бұл жұмысқа 200 арнайы техника бекітілген. Олар қыс басталғалы қала көшелерін 500 мың текше метр қардан тазартты.
Әсем Айтолова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Жеке секторларды қар басып қалмас үшін коммуналдық қызметтер тұрғындардың аулаларындағы қарды шығарады. Яғни ол үшін тұрғындар аулалардағы қарды тазартып, жолдың бойынша шығарып қояды. Содан кейін коммуналдық қызметтер оны тегін тұрде алып кетеді.
Коммуналдық қызмет мамандарына жастар да қолғабыс етіп жүр. Олар жалғыз тұратын қариялардың ауласын қардан тазартып, сенбіліктер ұйымдастырып тұрады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков