2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді
2029 жылға дейін елде 11 мың шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтеді.
Бұл туралы Көлік министрлігінің мамандары брифингте баяндады. Қазір елде 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Достық-Мойынты, Алматы айналма жолы, Дарбаза-Мақтарал және Аягөз-Бақты жобалары. Жоспар бойынша алғашқы екеуі биыл аяқталады. Ал қолданыстағы 1800-ге жуық локомотивтің жартысынан астамы тозып тұр. Биыл 200 жаңа локомотив сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар жолаушыларға арналған тағы 226 вагон желіге қосылады. Алдағы 5 жыл ішінде жаңа вагондар қатарын мыңға дейін жеткізу көзделген, дейді мамандар.
Нұржан Келбуғанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұдан бөлек инфрақұрылым қуаттылығын арттыру және өткізу қабілетін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар –Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жаңа жүйелері енгізілетін болады.