Елімізде еңбек төрелігі институтын енгізу ұсынылды

Елімізде еңбек төрелігі институтын құру ұсынылып отыр.

 Бүгін Парламент депутаттары құқықтанушы ғалымдармен бірлесе еңбек дауын тиімді шешу жолдарын талдады. Мақсат - қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Бүгін Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде еңбек төрелігін құруға қатысты заң жобасының тетіктері қаралды. Атап айтқанда, жұмысшылардың ереуілге шығу құқығын іске асыруда қағазбастылық пен өзге де әкімшілік кедергілерді жою ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, жұмыс беруші мен қызметшілерді бітімге келтіретін комиссияның даулы мәселені қарау мерзімін 7 күннен 5 күнге дейін қысқарту жөнінде айтылды. Қазір жан-жақты талқылаудан өтіп жатқан жоба – жұмысшы мамандықтары жылының аясында қолға алынған бірден бір бастама. Жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы әлеуметтік диалогты құруды көздейтін құжат биыл Парламент қарауына ұсынылатын болады.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заң жобасын дайындаудағы басты мақсат – ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу. Соның ішінде еңбек төрелігі жағдайындағы мәселелердің ауқымын кеңейту. Яғни кез келген еңбек саласындағы дау-жанжалдарды шиеленістерге апармай, оның алдын алып еңбек төрелігімен оны шешудің мүмкіндіктерін кеңейту.