Қызылорданың Жосалы кенті теміржол көпіріне мұқтаж болып отыр

22 мың халқы бар Жосалы кентінің қақ ортасынан теміржол кесіп өтеді.

Тұрғындар жолдың арғы бетіне өту үшін күн сайын кептелісте тұрады. Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі мен полицейлер де теміржол өткелінде кідіріп қалады. Жосалы жұрты шойын жолдың үстінен көлік көпірі салынса дейді.

Бағдаршам қызыл жанып, дабыл соққан кезде жүргізушілер тізгінді тарта бастайды. Өткел жабылып, ондаған көлік пойызды күтеді. «Көмекке асыққан жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдай қызметі де осы жерде аялдауға мәжбүр», - дейді тұрғындар.

Ерболат Ұзақбаев, кент тұрғыны:

- Скорый шақырғанда өте қиындық туады. Сол күтіп қалады, переезд жабық болғаннан кейін. Кей кезде 10-20 минутқа дейін жабық тұрады.

Шакизада Қияқбаев, кент тұрғыны:

- Ой, бұл біздің бала кезімізде айтылған. Үлкен кісілер бар кезде. Содан келе жатыр ғой әлі. Мына жерде қыста күнде авария. Жолға таласады ғой, содан болады бұл жерде.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Күніне мына өткел 15, кейде 20 мәрте ашылып, жабылады. Соңғы уақытта пойыздың көбейгені байқалады дейді тұрғындар. Ал көлік кептелісі кемінде жарты шақырымға дейін созылады екен.

Оразбек Кәрібаев, теміржол өткелінің кезекшісі:

- Қауіп бар негізі. Машиналар тіресіп тұрады, бірі-бірімен. Негізі мына жақа мост салынса деген ойымыз бар. Мост салынса күшті болар еді.

Жылдар бойы тұрғындарды толғандырған көпір мәселесін шешу үшін жергілікті әкімдік былтыр жоба-сметалық құжат әзірлеген. Мамандардың айтуынша, теміржолдың үстінен автокөлік көпірін салу үшін 5 жарым миллиард теңге қажет.

Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:

- Бүгінгі күні облыстық басқармалармен тиісті министрлікпен келісім сөздер жүргізіліп, тиісті бюджеттік өтінімдер жолданды. Қазіргі таңда республика деңгейінде болатын бюджеттік нақтылауды күтіп отырмыз. Сол нақтылаудың нәтижесінде құрылыс жұмыстарын бастауға қаражат бөлінеді деп күтілуде. Аманшылық болса, қаражат бөлінсе, ағымдағы жылдың екінші тоқсанының басында , боламаса, наурыз айының аяғында құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз деген жоспарымыз бар.

Ұзындығы 85, ені 7 метр болатын автокөлік көпірінің құрылысы жоба бойынша 8 айда аяқталу керек. Жоспар жүйеден таймаса, жыл соңына дейін жосалылықтардың басты мәселесі шешіледі, дейді аудан әкімі. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев