Азаматтық авиацияның аяқалысы қалай?

Азаматтық авиация -  ауқымды салалардың бірі.

Жылдан жылға діттеген жеріне ұшақпен жетуді қалайтын азаматтар қатары артып келеді. Былтыр 14 млн 700 мың жолаушы тасымалданғанын айттық. Бұл жылдағыдан 11 пайызға көп екен. Демек, қажеттілік бар. Алайда сол қажеттілікке сай қызмет көрсетіле ме? Ойланатын сұрақ!

Бүгін Үкімет отырысына қатысып келдің. Азаматтық авиацияның аяқалысы қалай екен?

- Авиация саласын алда күтетін оңды жаңалықтарды әлгінде айттық. Десе де, халықтың айтар шағымы аз емес. Әсіресе ұшақтардың кестеден кешігуі бүгінде қалыпты жағдайға айналғандай. Былтыр жауапсыздық танытқан әуе компанияларына 14 рет айыппұл салынған. Оның жалпы сомасы 40 млн теңгеге жуықтайды. 

Қазақстандағы азаматтық авиацияның тарихы 1926 жылдан басталады. Алғашқы жолаушылар ұшағы әуеге Қызылордадан көтерілген. Ол тек Мәскеуге қатынаған. Кейін бұл қатарға Алматы қосылды. Осыдан бір ғасыр бұрын негізі қаланған салада қазір 23 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Әуе хабтарын дамыту - өте маңызды міндет. Бұл жайында Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жылына 170 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Ендігі межеге оны 2 есе ұлғайту. Мамандардың пайымынша, ол үшін  еліміздің әлеуеті толық жетеді. Ал жолаушылар тасымалына келер болсақ, қазіргі таңда ел ішінде 6 компания 56 бағыт бойынша рейс орындайды. Жылдан жылға ұшақпен қатынауға құлықты азаматтар саны көбейіп отыр. "5 жылда бұл көрсеткіш 26 млн жолаушыға жетуі әбден мүмкін. Себебі былтыр Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларында 3 ірі терминал іске қосылды. Биыл Кендірлі, Қатонқарай, Зайсан әуежайларын құру бойынша жұмыс жүріп жатыр.

"Жылына 600 мың маманға қажеттілік туындайды." Вице-министр Талғат Ластаевтың Үкімет отырысындағы баяндамасының тағы бір маңызды тұсы - кадр тапшылығы. Қазір бұл салада 23 мыңнан астам адам еңбек етеді. Десе де әуе рейстерінің көбеюіне байланысты білікті мамандарға сұраныстың артуы заңдылық. Бұған дейін бұл мәселені Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп көтерген болатын. Сенатор Алматыдағы Азаматтық Авиация академиясындағы проблемаларды тізіп берген. Білім ошағында оқу-зертханалық база мен құрал-жабдықтардың әбден ескіргенін алға тартқаны бар.

Білімсіз кадр қайдан болсын деп кейін бармақ тістеп қалатынымыз содан. Өзімізде болмаған соң орын басқан өзгеге несін өкпелейміз. Қазір  Қазақстанда 1500 ұшқыш болса, соның 400-і шетелдік. Мәселені шешу үшін Азаматтық авиация академиясы жыл соңына дейін Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің сертификатын алуды жоспарлап отыр. Бұл кадр даярлау сапасын арттырып, шетелдік мамандарға тәуелділікті азайтады-мыс.

Дархан Қатышев, ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде 21 оқу орталығы бар Қазақстанда. Олар үлкен әуежайлардың ішінде орналасқан. Олардан біздің қарамағымыздағы ұйымдар сертификат алады. Сонда сол аэропорт пен  әуекомпанияларының жұмыскерлері, сол оқу орталығында өз біліктілігін жоғарылатады.