Берлиндегі Ратушаға ту тіккен қазақ майдангерінің құрметіне ғылыми конференция өтті
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Атырауда ержүрек майдангер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің екі мәрте иегері Кенжебай Мәденовтің ерлігіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.
Онлайн өткен жиынға еліміздің және Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстанның тарихшылары қатысып, қазақ батырының ерлігі туралы ойын ортаға салды. 1945 жылдың 29 сәуірінде лейтенант Мәденовтың взводы бірінші болып фашизмнің Рейхстагтан кейінгі негізгі ұясы Ратуша үйіне басып кірген. Бұл туралы маршал Г. К. Жуковтың «Естеліктер мен ойтолғаулар» шығармасында анық баяндалған. Бірақ сол кездегі саясаттың салдарынан қазақ жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қалған. Тарихи деректерге сүйенген тарихшылар Кенжебай Мәденов Отанымыздың ең жоғарғы марапатына лайық дейді.
Сайфолла Сапанов, тарих ғылымының докторы:
- Кезінде архив деректері құпия болды, зерттелмей қалды. Қазір осының барлығы ашылғаннан кейін Кенжебай Мәденовтің өзінің өмірі туралы ерлігі туралы көптеп жазылуда. Осы конференцияны ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша Кенжебай Мәденов атамызға қазақ батыры, қазақ қаһарманы ретінде халық батыры ретінде атақ берсек деген ұсынысымыз бар.