Ақмола облысында сотталғандардың қайта қылмыс жасауы жиілеп кетті

Ақмола облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған төрт адам қайтадан түзету мекемесіне қамалды.

Олардың қоғамдық тәртіпті бұзып, заңмен белгіленген шектеулерді сақтамағаны анықталды. Өңірде шартты түрде сотталғандардың қайта қылмыс жасауы жиілеп барады. 11 азаматтың қайтадан бас бостандығынан айырылғаны белгілі. Жергілікті құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» жедел алдын алу шарасы аясында тек осы айдың өзінде есепте тұрған үш жарым мың адамды тексеріп, 130-ға жуық заң бұзушылықты анықтады.

Ерболат Құсайынов, облыстық ПД Басқарма бастығының орынбасары:

-Бүгінгі таңда осындай тұлғаларға қатысты іс-шара қолданылған себебі жүйелі түрде қоғамға қарсы іс әрекет жасағаны. Мысалға оларға спирттік ішімдіктер ішуге тиым салынады, сағат кешкі 10-нан кейін тұрғылықты мекен-жайдан кетпеуге тиым салынған. Осындай шектеулерді бұзғаны үшін сотқа ұсыным жолдауға негіз болды.