СҚО-да үш ауылдың бөгеті нығайтылады

Қызылжар ауданына қарасты Бескөл, Прибрежный және Тепличный елді мекендерін бойлай салынған топырақ үйіндісі темір-бетонмен бекітіледі.

Көктемгі тасқынның алдын алу шарасына 10 млрд. теңге қарастырылып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында былтыр су басқан елді мекендердің бірі – Петропавлдың жанындағы Бескөл ауылы. Аудан орталығында табиғи апаттан 200 – ге жуық үй бүлінді. Биыл да қауіп бар.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Былтырғы көктемгі тасқыннан кейін Бескөл ауылына осындай бөгет салынды. Оның биіктігі орташа есеппен 6 метрді құрайды. Бұл өткен жылғы судың деңгейінен 60 сантиметрге жоғары.

Бұл бөгет Бескөл ауылын бойлай Петропавлға дейінгі Тепличный мен Прибрежный ауылдарына да салынды. Оның құрылысына 1,6 млрд. теңге бөлінген. Енді оның жиегіне 1 мың 500 үлдір жапқыш төселеді. Бұл материал тасқын суға төтеп беруі тиіс. Ал жаз айларында темір – бетонмен күшейтіледі. 

Асхат Бәкеев, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір жобаға өзгерту енгізілді. Енді сараптама қорытындысы шығуы тиіс. Жобаның алдын ала құны 10 млрд. теңге. Оған бөгеттің үсті темір – бетон плиталарымен нығайтылады.

Биыл Қызылжар ауданында 22 ауылды су басуы мүмкін. Бұл ретте жергілікті билік пен төтенше жағдайлар қызметкерлері алдын алу шараларын жүргізді. Енді Есіл бойында мұз жару жұмыстары жоспарланып отыр. 

Әзімхан Мерғасымов, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

- Бүгінгі таңда 22 мұз жару орын белгіленді. Бұл жұмыс ауа температурасына байланысты, яғни күннің жылуына қарай жүргізіледі. Сонымен қатар Есіл өзенінің арнасы кеңейтіліп тазаланды.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша су басуы мүмкін деген 116 елді мекенді бақылауға алды. Өңірде 249 эвакуациялық пунк құрылған. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков