Қостанай облысында соңғы жылдары емдік-сауықтыру бағыты зор сұранысқа ие

Қостанай облысындағы шипажайларда дем алып, ем алушылар саны кейінгі жылдары 20 пайызға артқан.

Қазір өңірде санаториялық-курорттық қызметтің өріс алып келе жатқаны байқалады.

Суы да, нуы да шипалы демалыс орындарының бірі – Меңдіқара ауданындағы медициналық оңалту орталығы. Бұл шипажайда Қазақстаннан бөлек, Ресейден де келіп, ем-дом алып жатқандар жетерлік.

Қостанай облысында 6 санаториялық-курорттық демалыс орны бар. Соның бірі - Боровской ауылындағы медициналық оңалту орталығы. Нысан 3-4 жыл бұрын жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді. Содан бері осында келіп ем-дом қабылдаушылардың аяғы сиреген емес.  Жыл сайын мұнда үш жарым мыңнан астам адам денсаулығын түзеп қайтады.       

Жазира Сейдахметова, Оңалту орталығының бас медбикесі:

- Бізде неврология, травмотология, ортопедия, кардиология профилдері бойынша пациенттер ем алады. Қазақстанның әр аймақтарынан келіп емделеді. Ресейден жыл бойы келіп, емделетін адамдар бар.

Қарағайлы орман ортасындағы оңалту орталығына былтыр жеке жол салынып, орталық су жүйесі қосылды. Курорттық аймақта түрлі ойын алаңдары тұрғызылып, инфрақұрылым әлі де жетілдірілмек.

Тамара Асаула, Оңалту орталығының бас дәрігері:

– Алдағы бес жыл ішінде ауданға газ тартылады деген жоспар бар. Тиісінше бізде газбен жылытуға көшеміз. Қазірдің өзінде инфрақұрылым жаман емес. Келушілер санының артқаны соның нәтижесі деп білеміз. 

Абай Ахметовтың орталықта ем-дом қабылдап жатқанына алтыншы күн. Мойыны құрысып, желкесі тарта бергесін кәсіподақ жолдамасымен осында келіпті. Денсаулығым біршама түзеліп қалды, дейді.

Абай Ахметов, емделуші:

- Жақсы емделіп жатырмыз. Далаға шығып демаламыз. Табиғаты күшті. Шаңғы тебеміз, далада демалып жүреміз.

  Облыстық Кәсіпкерлік басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде туризмнің ішінде емдік-сауықтыру бағыты соңғы жылдары үлкен сұранысқа ие.

 Данияр Ералин, Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Бұл бағытта оң өзгерістер бар. 2024 жылы санаториялық-курорттық орындарда дем алып, ем алып қайтқандардың саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 20,8 процентке артқан. Шамамен жыл ішінде өңірдегі шипажайларда 14,5 мың адам болған.  

Қостанай облысында сонымен қатар мәдени-танымдық, экстремалды, экологиялық туризм де жақсы дамып келеді. Демалыс орындары қатарын  биыл тағы екі нысан толықтырмақ. Оның бірі - Амангелді, екіншісі -  Алтынсарин ауданында салынып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг