Ақтөбе мен Ұлытау облыстарында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды
Ақтөбе облысында 2 адам құтқарылды. Қандыағаш ауылынан 2 шақырым жерде «Газель» қарға батып қалған. Көлікте 2 адам болған.
Құтқарушылар көлікті қардан сүйреп шығарғанын айтады. Жолаушылар дін аман. Олар ары қарай жолға шығып кеткен. Төтенше жағдайлар қызметі күн райы туралы хабарламаға назар аударуды және боранда елді мекеннен тысқары шықпауды ескертеді. Өйткені боран соқпағанның өзінде сырма жүріп жолды қар басып қалуы мүмкін.
Тағы бір осындай оқиға Жаңаарқада болған. Ұлытау облысына қарасты Ақтасты ауылынан 10 шақырым қашықта жеңіл көлік қарға батып қалған. Бұл көлікте де екі адам болған. Екеуі де аман-есен. Құтқарушылар көмектесіп, көлікті сүйреп шығарды. Төтенше жағдайлар қызметі көмекке әрдайым әзір. Күні-түні қызмет көрсетеді. Жолаушылар қиындық туындаған сәтте 112 нөміріне қоңырау шалуына болады.