Ұлттық ұлан Жеңіс шеруіне қызу дайындыққа кірісті
7 мамырда Астанада өтетін Жеңіс шеруіне Ұлттық ұланның 400-ден астам сарбазы қатысады.
Бүгінде олар қызу дайындықты бастап кетті. Шеруде ұландықтар екі колоннамен сап түзеп өтпек.
Олардың бірі елдің әр өңіріндегі патруль-бекеттік қызметтің әскери қызметшілерінен құралса, екінші колоннада арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің жігіттері сап түзейді. Бұл бөлімше жақында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық жарыста үздік ондыққа енген еді. Сонымен қатар Ұлттық ұланның 17 әскери техникасы да шеруге жұмылдырылады. Олардың қатарында «Барыс» және «Cobra II» көліктерін ерекше атап өтуге болады. Броньдалған машиналар кепілге алынғандарды босату, маңызды нысандар мен көлік колонналарын қорғауда қолданылады. Ал «Урал ВВ» және «Алан-2» техникасы күзетілетін нысандарға шабуыл жасалған жағдайда қорғанысты күшейтуде таптырмас көліккке айналды.
Бағлан Құдияр, Құрмет қарауыл ротасының бөлімше командирі:
- Бұл әскери шеруде маған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының туын ұстау бақыты бұйырды. Бұл әскери шеру жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін. Жаттығулар жоғары деңгейде және қарқынды жүруде. Бұл әскери шеруге қатысу – мен үшін үлкен бақыт. Бұл әскери шеруге дайындығымыз бір ай бұрын басталды. Және алда әлі үш айымыз бар.
7 мамырда Елордада Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушы күніне арналған әскери шеру өтеді. Биылғы шерудің ерекшелігі сап түзеген колонналар әскери жылдардағы киім үлгісінде болады. Сондай-ақ алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдер жауынгерлік туларын салтанатты алып өтеді. Жалпы шеруге 4,5 мың адам қатысады.