Биыл көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толып отыр

Айтулы датаға орай жазушының туған жері Атбасарда көптеген мәдени және әдеби шара ұйымдастырылады.

Оның ішінде ғылыми тәжірибиелік конференция, көшпелі көрмелер мен республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланып отыр.

Бұл Атбасар қаласындағы қаламгердің туып, өскен шаңырағы. Дәл осы үйде жазушы 8 жасына дейін тұрған.  Кейін ата-анасы қайтыс болғасын балалар үйінде тәрбиеленеді. Қазір шағын шаһарда Есенберлиннің еңселі ескерткіші бар. Сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін музей жұмыс істейді.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Атбасардағы Ілияс Есенберлин музейінде қазір 3 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Соның екі жарым мыңы жазушының өзінің тұтынған заттары. Осы жәдігерлер ішінде музей қызметкерлері осы үстел, оның үстіндегі заттар мен орындықты атап айтады. Себебі қарымды қаламгер атақты «Көшпенділер» трилогиясы мен «Алтын орда» романың дәл осы үстелдің үстінде жазған.

Ілияс Есенберлин жеке заттарын көзбен көріп, тамашалауға сырттан арнайы келетін қонақтар көп.

Арман Әбілов, оқушы:

- Біз осы Мәдиниет ауылы Сандықтау ауданынан келіп тұрмыз. 100 шақырымнан астам жол жүріп, әдейі осы музейге түстік. Есенберлиннің өмірбаяны, шежіресімен танысып +скл+ өте көп ақпарат алдық біз.

Жазушының атындағы музей қоры жыл сайын  толығады.  Оған қаламгердің ұрпақтары да белсенді атсалысады,-дейді музей қызметкерлері.

Ұлболсын Қамбатырова, музей директоры:

- Жыл сайын жазушының отбасы бізге енді аздап-аздап беріп жатыр жазушының қалған мұрасын. Былтыр мысалы бізге 56 көмекші қор түсті. Бір жәдігер жазушының өзіне тиесілі. Биыл да балалары, немерелері бәрі Ресей федерациясынан архив, мұрағатынан көп мәлімет алған екен. Соны музейге тапсырады.

Қаламгердің жазушылығын   қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлем мойындаған. Оның шығармалары шет тілдерге аударылып, басылды.  Ол туындыларға әлі күнге сұраныс жоғары.

Серік Жетпісқалиев, жазушы,  қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры:

- Көп жастар кітап оқымай кетті дейміз, адамдар кітап оқымайды дейміз. Соған қарамастан дәл осы Ілияс Есенберлин шығармаларына деген сұраныс үзілмеген. Көкшетау қаласында 12 кітапхана бар ғой, соның бәрін кеше ғана саралап көрдік. Ешқашан, қай кезеңде де Есенберлин шығармаларына, әсіресе «Көшпенділерге» деген халықтың сұранысы өшпеген.

Қазақты тарихымен қауыштырған қаламгер. Бұл Есенберлинге елдің берген бағасы.  Жазушы қазақ әдебиетінде тұңғыш рет тарихтың зерде тамырына қан жүгіртті. Осылайша, өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз мұра қалдырды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы,  Евгений Шинкаренко