Елордада қызметтік иттер 52 қылмыстық істі ашуға көмектесті

Жыл басынан бері Астанада қызметтік иттердің көмегімен 50-ден астам қылмыстық іс ашылған.

Полиция департаментінің ресми мәліметі осындай. Алдағы уақытта тәртіп сақшылары үшін төртаяқты көмекшілерді көбейту көзделіп отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл ит қылмыскерлерді ұстауға арналған. Байқанымыздай, жылдамдығына көз ілеспейді. Оның үстіне азуына іліккеннен айырыла қоймайды.

Айтбай Сапар, кинолог:

- Алматы қаласында 2024 жылы шабуылдаушы ретінде оқып келдік. Бізге шабуыл бағытына сондай иттер керек.

Полицияның кинология орталығында неміс овчаркасы, белгиялық овчарка, ротвейлер мен төбеттер бар. Олар шабуылдан бөлек, із кесу, одорологиялық зерттеу, есірткі және жарылғыш заттар іздеу жұмыстарына жұмылдырылып жатыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл есірткінің баламасы. Қазір иісшіл иттердің бірін сынап көреміз. Ол үшін мына жерде қаз-қатар тізілген сөмкелер жатыр. Осында есірткіні жасырамыз.

Есірткі тасымалдаушылар қандай құйтырқылыққа барса да, "Сұңқар" атты бұл иттен тыйым салынған тауарды жасыру мүмкін емес. Осылай талай қылмыстық әрекеттің жолы кесілген. Кинологтардың айтуынша, иісшіл жануарлар жоғалған адамдарды табуға да көмектеседі. Мәселен, ата-анасынан көз жазып қалған баланы ойыншыққа сіңген исі арқылы тауып алған екен.

Рауан Дәулетов, кинолог

- Әйел адам келіп, баласының жоғалғаны туралы хабарлап, көмек сұрады. Баланы іздеу үшін ит иіс алу керек бірдеңеден. Анасының қолында баласының ойыншығы болды. Ол бала жаңағы ойыншықпен ойнаған, исі бар анда. Сол ойыншықты иіскету арқылы кинолог 20-30 минут арасында 700-800 метр жерден келесі алаңда ойнап жүрген баланы тауып берді.

Қазір полиция қызметінде 31 кинолог пен 50 шақты ит бар. Олар Алматы қаласындағы арнайы орталықта даярланған. Биылдың өзінде кинологтар мыңнан астам мәрте шақыртуға барды. Оның көбі есірткі заттарын іздеу жұмыстарына қатысты. Полицейлер төрт аяқты көмекшілері арқылы 52 қылмыстық істі ашқан. 

Бауыржан Мырзахметов, қалалық ПД кинологиялық орталығының бастығы:

- Қазіргі таңда бізде кинологтар жеткілікті. Сонымен қатар бізге тағы да әскери борышын атқарып келген азаматтар келеді. Соларды біз резервке қойып, аламыз жұмысқа. Иттердің саны жеткілікті, бірақ тағы да көбейтеміз. Өйткені келген мамандарға қосымша береміз. 1 кинологқа 2 иттен бекітеміз.

Ал өткен жылы қызметтік иттер 471 қылмыстық істі ашуға ықпал етті. Кинологтар Алматыдағы арнайы орталықта біліктілігін одан әрі арттырып, шетелдік мамандармен де тәжірибе алмасып жатыр.

 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов