Елде жыл басынан бері 130-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
Елімізде биылдан бастап автомектептерге талап күшейеді, жүргізуші куәлігін алу да қиындайды.
Себебі Ішкі істер министрлігі азаматтардың оқу процесі мен оқытушылардың біліктілігін бақылауды күшейтті. Ол үшін арнайы «Автомектеп.кз» сайты да іске қосылды. Яғни, білім алды деген сертификат беру электронды түрде ашық жүргізіледі.
Елде жыл басынан бері 130-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 200-ден аса адам жарақат алып, 9-ы оқиға орнында қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, қазір жүргізушілер тиісті жылдамдық пен арақашықтықты сақтамайды. Сәйкесінше, жол апаттарының саны жылдан жылға артып жатыр.
Арай Төлегенқызы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- 2023 жылы 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 2 мыңнан астамы қайтыс болған, жарақат алғандардың саны 20 мыңнан асады. 2024 жылды алатын болсақ, 30 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оынң ішінде 2 мыңнан аса қайтыс болған және 40 мыңнан аса жарақат алғандар тіркелген.
Бұл сандар жол жүру ережелерін сақтамайтындардың қатары қалыңдағанын көрсетіп бергендей. Кейбірінің тіпті көлікті өрескел тізгіндеуіне қарағанда жүргізуші куәлігін оқып алғанына күмән туады. Ал, сарапшылар қазір елдегі автомектептердің діттегені білім емес, бизнес дегенді алға тартады. Осыған орай Ішкі істер министрлігі тарапынан жаңа ереже қарастырылып отыр.
Әділет Жүнісов, сарапшы:
- СІМ-де №862 бұйрық бар. Сол жерде толықтай жазылған қандай тақырыптар қандай жаттығулар өту керек. Соның барлығын өтпесе, онда оқушы қабылданбайды.
Елдегі автомектептердің саны азаюы мүмкін
Енді көлденең көк атты да келіп, автомектептердегі курсанттарды оқыта алмайды. Себебі биылдан бастап, «автомектеп.кз» сайты іске қосылды. Онда инструктор-мұғалімнің де, курсант-оқушы жайлы да барлық мәлімет көрсетілген. Тіпті автомектеп туралы толық ақпарат бар. Ал курсанттың сертификаты электронды түрде беріледі. Бұл процес ашық болмақ. Сайтты Ішкі істер министрлігі бақылауда ұстайды. Сарапшылар мұндай жаңашылықтарға сәйкес, автомектептердің саны күрт азаяды деп отыр.
Әділет Жүнісов, сарапшы:
- Көлік мектептерінің саны азаяды. Себебі көп көлік мектептерінің көліктері жоқ. Қазір білесіздер, міндетті түрде әр көлік мектебінде 1 көлікке 12 адамды ғана тіркеуге болады 2,5 ай оқуына. Сондықтан көп көлік мектептерінде көлік жоқ болғандықтан, көбісі жабылатын болады.
Жол ережесін бұзғандарға жаза күшейтілуі мүмкін
Иә, жол жүру ережелерін бұзсаңыз, жауапкершілікке дайын болуыңыз керек. Былтыр бағдаршамның қызыл түсіне өткендерге 6 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған.
Заң бұзатындар көп. Былтыр жолдағы камералар түрлі санаттағы 15 миллион бұзушылықты анықтаған. Көлік иелері 120 миллиард теңге айыппұл арқалады. Бірақ жүргізушілердің жартысынан астамы бір аптаның ішінде 50 пайыздық жеңілдікпен борышын өтеді. Бұл тұста депутаттар, жартылай жеңілдікті алып тастауды ұсынды. Себебі ол, жол жүрісі қағидаларының жиі бұзылмауына кепілдік бере алмай отыр, - дейді.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жол ережесін жиі бұзатындарға жаза күшеюі тиіс. 10 немесе одан да көп бұзушылықтары бар жүргізушіні, жол қозғалысы ережелері бойынша емтиханды қайта тапсыруға міндеттеу қажет. Сондай-ақ бір заңды бірнеше рет бұзған азаматты тіпті жүргізуші куәлігінен айыруды қарастыру керек. Сондай-ақ айыппұл төлеген сәттегі 50 пайыздық жеңілдік бар. Оны алып тастау қажет.
Бұл ұсынысты естіген жұрттың бірі қолдап, енді бірі келіспей жатты. Бірақ статистика көңіл көншітпейді. Былтыр заңды өрескел бұзған 30 мыңнан астам азамат жүргізуші куәлігінен айрылған. Ал жыл басынан бері дәл осындай жағдайға тап болғандардың саны 1,5 мыңға жуықтайды.
Дей тұрғанмен, Ішкі істер министрлігінің мұндай бұзушылықтарға қатысты енгізген жаңашылдықтары бар. Енді ғана іске қосылды. Сондықтан артын бағып, нәтиже шығаруға мүмкіндік берген жөн.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсеитов