Атырауда 53 ауыл ішімдіктен бас тартты
Атырау облысында 53 ауылда ішімдік сатылмайды, деп хабарлайды 24KZ. Индер ауданына қарасты Құрылыс ауылы тұрғындарының бастамасына өңірдегі елді мекендер осылай үн қосып жатыр. Мұндағы дүкендерде арақ-шарап сатылмайды, тойлар мен отбасылық мерекелер ішімдіксіз өтеді.
Аталған ауылда өткен екі жылда бірде-бір бұзақылық, қылмыс тіркелмепті. Ұсақ кикілжіңдер ақсақалдар алқасымен шешіледі. Салауатты өмір салтын ұстанудың үлгісін ұсынған Құрылыс ауылы халқының бастамасы бүгінде облыс тұрғындары арасында кең қолдау таба бастаған.
Әбдіғани Сейдуәлиев, Атырау облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Біз осы үлгіні облысымыздағы басқа аудандарға жолдап, қазіргі таңда Қызылқоға ауданында 17 елді мекен, Құрманғазы ауданында 16 елді мекен ішімдіктен бас тартты. Сол ауылдағы ақсақалдар, ауылдық әкімдік, белсенді азаматтар жиналыс жасап, осындай шешім қабылдап отыр.