Ақтөбе өңірінің шаруалары көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр

Ақтөбе облысында көктемгі егін егу науқанына 6 мың тоннадан астам арзандатылған дизель бөлінеді, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде 460 мың гектар жерге дәнді-дақыл себіледі. Қазір диқандар көктемгі дала жұмысына қамданып жатыр.

Қарғалы ауданындағы бұл шаруа қожалығы жыл сайын 1,5 мың гектар алқапқа егін салады. Қазір көктемгі науқанға техниканы дайындап жатыр. Жақында су жаңа трактор сатып алған.

Павел Шумахер, механик:

- Қазір агрегаттардың ақауын жөндеп жатырмыз. Мұндағы әр жұмысшыға бір техникадан бекітілген. Егін салу науқанына дейін барлығы тас-түйін дайын болуы тиіс. Білмеген нәрсемізді бір-бірмізден сұрап кеңесеміз.

Көктемде аудан бойынша егіс алқабына 360 техника шығады. Арзандатылған жанар-жағармай мәселесі де шешілді. Диқандарға 6200 тонна дизель бөлінеді. Оның литрі 253 теңгеден беріледі.

Нұржан Тәженов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жанармай бойынша енді жаңағы арзандатылған мемлекеттік жанар-жағармайға көктемгі далалық егістіктерге бізде қазір 1,5 мың тоннаға шаруашылық құрылымдарынан сұраныс түсті. Қазіргі уақытта облыстық басқармадан қай уақытта келетіні туралы хабар келгеннен кейін жанар-жағармай тасымалданады.

Облыстағы шаруашылықтардың қоймасында 50 мың тонна тұқым дайын тұр. Жыл сайын бөлінетін субсидияға шаруалар жоғары сұрыпты тұқым сатып алған.

Айсұлтан Кеңпейілов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Өсімдік шаруашылығына 1,2 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Ол минералды тыңайтқыштарға, пистицидтерге және суармалы жердегі судың құнын арзандатуға бағытталған. Сонымен қатар тұқым шаруашылығына да субсидия қарастырылған.

Былтыр Қарғалы ауданының диқандары әр гектардан 16 центнерден астық жинаған. Биыл 116 гектар жерге дәнді-дақылдар себіледі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Айнадин Молдабеков.