Курс сататын коучтардың қызметін заңдастыру ұсынылды

Тұтынушылардың құқығын қорғау заңына өзгеріс енгізу керек. Сапасыз курс сататын тренерлерге осылай тосқауыл қою ұсынылды. Сонымен қатар сабақ беретін коучтарға арнайы талаптар қойылып, олардың мемлекеттік тізімі жасалуы мүмкін. Бұл қызмет нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

«Күнде таңертең тұрып өз-өзіңе жақсы тілектер айту керек. Сонда жағымды энергия ғарышқа жетіп, сізге жетістік ретінде айналып келеді. Бірақ бұл ережені қатаң ұстанбаса, мақсатыңыз орындалмай қалуы мүмкін». Қазір бір айдың ішінде толағай табысқа кенелтем дейтін коучтар көбейіп кетті. Тіпті үйіп-төккен уәдесі орындалмаса да, олардың сылтауы дайын. Мұндайда жұлдыз жорамал мен нумерология көмекке келеді. «Иә, қай жерге келіп едік? Содан кейін маңызды шешімдерді тек тақ күндері қабылдау керек».

Әлеуметтік желіде сан алуан тренингке шақыратын жарнама шаш етектен. Бірі бай болуға үйретемін десе, енді бірі сұлу әрі іскер болудың құпиясын айтамын деп сендіреді. Тіпті өмірлік серігін тауып, бақытты отбасы болудың сырын ашамын дейтіндер де көп. Осындай курстармен өзін мотиватор-коуч санап, онсыз да санасы сан саққа жүгірген қоғамды адастырып жүр. Былтырдың өзінде алаяқ коучтарға алданған 600 адам Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағымданған. Бизнес-тренер Қайсар Мақан мұндай жарқ-жұрқ еткен жарнамаға сенбуге шақырды.

Қайсар Мақан, кәсіби бизнес-тренер:

- Егер курстар аз уақытта төбеңнен алтын жаудырам деп жарнамаланса, қуануға асықпаңыз. Олар да алаяқтар сияқты жылдам ақша арқылы манипуляция жасайды. Әдетте псевдо-коучтардың курсына тіркелу оңай боп келеді. Сондай-ақ «сізге арнайы ұсыныс әзірледік, акция тек бүгін ғана жүріп жатыр» деген сияқты хабарлармен қызықтырады. Бұл нейролингвистикалық бағдарламалау әдістерінің артында алаяқтар тұр.

Цифрлық технологиялар дамыған заманда бұл қызметтерді қадағалау қиын болып тұр. Арнайы статистика да жүргізілмейді. «Тіпті заңдар да дәрменсіз», – дейді мамандар.

Тұрсын Жағыпарова, Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Тұтынушылар құқын қорғау заңына өзгерістер енуі керек. Мысалы, осындай ақпарат беріп, «мен оқытамын, мен осындай дәрежеге жеткіземін» деп, бірақ та дәрежеге жеткізбеген, оның құрал, материалдары сәйкес болмаса, онда тұтынушыға толық ақшасын қайтарып беруі керек. Сонымен қатар айыппұл төлеуі керек тұтынушыға.

Сонымен қатар тренерлерді сертификаттау ұсынылды. Яғни дәріс беру үшін әр маман арнайы комиссияға өзінің білімі мен білігін дәлелдеуге тиіс. «Сонда сабағына салғырт қарайтын коучтар болмайды», – дейді мамандар.

Динара Наумова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Реестрде бар кез келген маманға сенім болады. Ол үшін тренерлерге қойылатын арнайы талаптар болуы керек. Сонымен қатар олардың қызметін бақылау үшін құзырлы органдарға нақты нормативтер қажет. Мәселен, міндетін орындамаған жағдайда қандай жаза қолданылады деген сияқты. Сондықтан бұл мәселені үкіметпен бірлесіп талқылау керек. Сол кезде қоғамның, арнайы ұйымдардың ұсыныстарын тыңдаймыз.

Депутаттың ойынша, бұл ережелер қызметін адал атқарып жүрген мамандарға әсер етпейді. Жаңа талаптар нарықты «инфосығандардан» тазартуға сеп болмақ.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Берік Шарав.