Петропавлдық заңгерлер ауыл тұрғындарына құқықтық кеңес берді
Петропавлдық заңгерлер ауыл тұрғындарына 200-ден астам құқықтық қызмет көрсетті, деп хабарлайды 24KZ. Олар облыстың шалғай елді мекендеріне барып, жеке қабылдаулар ұйымдастырып жатыр.
Қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері облыс орталығында өткен «Заң және тәртіп: тұрақты болашаққа жол» атты алқалы жиында талқыланды. Жиынға сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Мамандар заңгерлерді даярлау, халықтың құқықтық сауатын арттыру бойынша өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Евгений Кинцель, Солтүстік Қазақстан тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы:
- Ауыл тұрғындарының сұрағы негізінен алимент төлеу, тұрғын үй қатынастары мен жерге байланысты болады. Бізге кәсіпкерлер де жиі көмек сұрап келеді. Палата мүшелері түрлі деңгейдегі топ пен комиссия құрамына енген.