Жасанды интеллект қазақша түсініп, қазақша сөйлейді

Жаңа жүйенің ұлттық дүниетанымы бай. Өйткені оны әзірлегенде қазақи, әдеби және ғылыми шығармалар қолданылған.

Жасанды интеллект өмірімізге дендеп еніп келеді. Әсіресе кез келген сұраққа тосылмай жауап беретін ChatGPT тілдік моделін барлығымыз қолданамыз. Енді оның қазақша нұсқасы әзірленді. Ол қазақша сөйлейді әрі дәстүр салтымыздан да хабардар. 

Аспандияр Нұриманов, ISSAI деректер талдаушысы:

- Біз 150 млрд астам токен жинадық. Ол тек қазақ интернетінен емес, басқа да тілдік интернеттен деректерді алып, сол деректер арқылы біздің моделімізді үйреттік сол тілге. Сол үйреткеніміз бойынша қазақтың салт-дәстүрімен, қалай дұрыс стилде жазу керек екенін бәрін түсінеді.

Мәселен, сіз әлем және Қазақстан жайлы кез келген сұрағыңызға жауап ала аласыз.

Сол секілді тілдік модель қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жақсы түсініп, кез келген мәтінді еркін аудара алады.

Мамырбек Парахат, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының сарапшысы:

- Біз әлемдік дата сайт арқылы тест жасадық. Қазір ең жақсы модель деп айтсақ болады. Қолжетімді онлайн сайттар бар ғой, солардан жақсы аударады. Аудионы да аударады, текст мәтінін де аударады. Құжаттарды да жақсы аударады.  

Отандық тілдік модель қауіпсіздік үшін де қажет. Біз шетелдік чат-боттарды пайдаланған сайын өзіміз жайлы деректерді сыртқа шығара береміз. Ал мына жүйе ақпараттың ел аумағында сақталуын қамтамасыз етеді. Мамандар сонымен бірге осы арқылы мемлекеттік қызметкерлерге тіл үйретуге де болатынын айтады.

Авторы: Мөлдір Молдағали