Атырау шаруалары биыл көктемгі дала жұмыстарына ерте қамданды

Былтырғы тасқында шығынға батқандар өзеннен жырақта жатқан алқапта 9 мың 500 гектар жерді жыртып дайындап қойды.

Мемлекет қолдауымен 5100 гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізіледі.  

Былтыр өңірде тасқын салдарынан  5 мың 600 гектар егіс алқабы су астында қалған болатын. Оның ішінде дән себілген 100 гектарға жуық егінжай жарамсыз болып қалды. Салдарынан 2024 жылы егістік көлемі 2 есеге қысқарды. 

Былтыр сәуір-мамыр айларында арнасынан асқан өзен  5.6 мың гектар егіс алқабына жайылды. Салдарынан 90-ға тарта шаруашылықтың күзде жыртып дайындап қойған жерлері пайдасыз қалды. Ал ерте дән себілген 100 гектарлық алқап мүлде жарамсыз күйге түсті. Соның бірі-Қоныс Ермановтың шаруашылығы болатын. Олар 12 түрлі дақыл егіп, алғашқы өнімді маусым айында жинаймыз деп жоспарлаған еді.

Қоныс Ерманов , шаруа қожалығының жетекшісі:

- Сол ерте еккен өнімнің 14 гектары былтыр суға кетті.++Енді биыл Жайыққа жақын жерге екпейміз деп ойлап тұрмыз. Қыр жақта өзіміздің жеріміз бар 10 шақырымдай қашықта. Былтыр су басып кеткеннен кейін қайықпен рассаданы өткізіп, жер жыртып, сөйтіп, арпалыспен салған едік. Биыл да дайындап қойдық, жерді жырттық.

Көктемгі тасқыннан әсіресе, Жайық өзені бойындағы 66 шаруашылық зардап шекті.   Олардың шығыны, мемлекет өтеп,  егіншілер күзде дала жұмыстарын уақытылы аяқтады. Былтырғы тасқыннан сабақ алған олар биыл өзен аңғарынан алшақ жерлерді игере бастады.   Биыл облыс бойынша 240-тан астам шаруашылық 9500 гектар жерге дән сеппек.

Азат Қапанов, облыстық  Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Соның ішінде 638 га картоп, 3700 га көккөніс, 1415 га бақша және 4500 га мал азықтық дақылдар егіледі. Қазіргі таңда 96 пайыздай егістік алқаптың жері дайындалып, қалған егіс алқаптары көктемгі дала жұмыстары уақытында аяқталатын болады.

Атырау облысында егістік пен мал шаруашылығы үшін 15 канал жөнделіп, дайын тұр. Сондай-ақ суды үнемдеу мақсатында биыл 5100 гектар алқапқа тамшылатып сурау технологиясы енгізіледі.  

 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек байзақов, Жандос Рахметуллин