Перизат Қайраттың ісіне байланысты тағы бір дерек белгілі болды
Мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша Перизат Қайратқа қатысты тағы бір сотқа дейінгі тергеу тіркелді.
Күдікті 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысындағы «Батыр» қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатымен қайырымдылық аукционын ұйымдастырған. Халықтың сенімін ұялату үшін шараға оңалту орталығына мұқтаж мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың ата-аналарын шақырған. Нәтижесінде, ол 48 миллион теңге жиналғанын және оңалту орталығы үшін 100 миллион теңге тұратын нысанның сыйға берілгенін жария еткен. Алайда, шын мәнінде аукцион барысында 22 миллион теңге ғана жиналып, қаражат күдіктінің жеке мақсаттарына жұмсалған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Сондай-ақ П.Қайрат орталық қажеттілігі үшін 30 млн теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген. Алайда тергеу барысында бұл жер телімі «Батыр» қоғамдық бірлестігі тарапынан 2019 жылы сатып алынғаны анықталды. Нәтижесінде оңалту орталығының құрылысы басталмаған. Ал сыйға берілді деп көрсетілген нысан шын мәнінде жоқ боп шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.