Қостанай облысының оқушысы «Ақылды көпір» ойлап тапты

Қостанай облысының 10-сынып оқушысы тасқын кезінде көпірді қираудан сақтайтын инновациялық шешім ұсынды.

Оның «Ақылды көпір» атты жобасы республикалық өнертапқыштар байқауында бірінші орынды иеленді. Жас өнертапқыштың идеясы өткен жылғы су тасқыны кезінде пайда болған. Ол арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін өлшеуіш құралдар арқылы судың деңгейі артқанда көпірдің автоматты түрде жоғары көтерілетін жүйесін ойлап тапты. Жаңа жобаны дайындауға екі ай уақыт кеткен. Қазіргі таңда оқушы бұл технологияны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. 

Виктор Рыжков, оқушы:

- Бұл жүйе қозғалмалы көпір,тіреуіш, реттегіш құрылғы және датчиктерден тұрады. Әрине, оны темірбетонды ауыр көпірлерге қолдануға келмейді. Тым қымбатқа түседі. Ал жеңіл көпірлерге әбден жарайды. Болашақта адамдар осындай көпір моделдерін іс жүзінде кәдеге жаратады деген ойдамын.