Қармақшы ауданындағы үш ауылдың жарық желісі жаңғыртылады

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында электр желілерінің 70 пайыздан астамы тозған. Жел соғып, жауын-шашын көбейгенде жарығы сөніп қалатын елді мекендер аз емес.

Олардың қатарында Қуандария, Үшінші Интернационал, Алдашбай Ахун, Қармақшы және Тұрмағамбет ауылдары бар. Мамандардың айтуынша, аудандағы электр желілері мен бағаналарының басым бөлігі  өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған және әбден тозығы жеткен. Сол себепті жарықты үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Мәселені шешу үшін өткен жылы Тәйімбет Көмекбаев және Ақтөбе ауылдарындағы электр желілері, бағаналар мен трансформаторлар толық жаңартылды. Қазіргі уақытта Иіркөл ауылында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұндай істер биыл да жалғасады. Осы мақсатта тағы алты елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:

- Аудандық бюджет қаражаты есебінен, одан бөлек елімізде орналасқан ауыл шаруашылықтарының тарапынан демеушілік есебімен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп тұр. Бүкіл елді мекендер. Энергетика басқармасына бүкіл қалған елді мекендердің жобаларын ұсынып отырмыз. Бірақ ішінде негізгі, ең маңызды деп Үшінші интернационал, Ақжар, Қуандария ауылдық округтарын жаңартамыз деп жоспарлап отырмыз, бірінші кезеңде.