Шет ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізілді
Қарағанды облысының Шет ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізілді. Себебі энергиямен жабдықтау жағынан проблема туындады.
Қазір 27 елдімекенге электр қуатын беруге шектеу қойылды. Энергиямен қамтамасыз етуге жауапты «Шет-Энерго» компаниясы «Жезқазған электр тарату желісі» АҚ-ның талабын орындамаған. Жергілікті биліктің мәліментінше, «Шет-Энерго» біраз жылдан бері желілерді жаңғыртпаған. Салдарынан ақау шығып, үйлер мен әлеуметтік нысандар жиі жарық пен жылусыз қалуда. Ескертуге қарамастан компания қызмет сапасын жақсартуға тырыспаған. Қазір тозған электр желілерін шұғыл қалыпқа келтіру үшін аудан аумағындағы кәсіпорындар жұмылдырылды.
Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:
- Қос кәсіпорынның арасында келісімшарттың болмауы және электр желілеріне жауапты мекеменің ауқымды жөндеу жұмыстарын жасамауы, аудан аумағындағы 3 мыңға жуық тұрғын үй мен 43 әлеуметтік нысандарды жарықсыз қалдырып қана қоймай, өзге де орын алуы ықтимал қауіптерді туындатуда. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы орган ретінде апаттың алдын алу, келеңсіздіктерді жою мақсатында аудан аумағында ТЖ жарияланды. Бұл кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызмет көрсете алмауына байланысты заңдылықтар шеңберінде реквизиция жасау мәселесі қарастырылатын болады.