Бүгін – Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілерінің кәсіби күні
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясы ұсынған мемлекеттік электрондық тізімге сәйкес, елімізде жеке кәсіпкер ретінде гид, экскурсовод және туризм нұсқаушысы қызметін жүзеге асыратын 400-ден астам маман бар.
Отандық туризм дамыған сайын оларға деген сұраныс та, талап та тек жоғарылай бермек, дейді сарапшылар.
Астаналық Жарқын Мырзахан жас кәсіпкер. Осыдан 3 жыл бұрын өзінің туроператорлық компаниясын ашты. Шетелдік қонақтарды еліміздің және көрші елдердің әсем жерлеріне апарумен айналысады. Қарамағында бірнеше гид пен экскурсовод жұмыс істейді. Олардың қатарында Айгерім Асхатқызы да бар. Айтуынша, фирманың бюджеті қомақты болмаған соң, әзірге өз автопаркі жоқ. Осыған байланысты туристік автобустарды жалға алады. Сондықтан, шығынның көп бөлігі жолаушыларды тасымалдауға кетеді, дейді.
Әйгерім Асхатқызы, экскурсия жүргізушісі:
– Қазір көбінесе Қазақстанның, ал былтырғы жылға келетін болсақ, Ресейден өте көп турист келген. Ал қазір қыс мезгілі болғандықтан көбіне өз тұрғындарымыз келеді. Ал жазда шетелдерден өте көп қонақ келеді. Әсіресе Еуропадан және АҚШ-тан.
Айгерім Асхатқызының сөзіне сүйенсек, Астанадан Бурабайға біркүндік экскурсиямен бару құны кісі басына 20 мың теңгеден басталады. Түркістан мен Шымкент қалаларына бару 130 мың тг болса, көрші Өзбекстанға 3-4 күнге гидпен бірге саяхаттау 170 мың теңгеге шығады.
Алексис Мейер, канадалық турист:
– Мен Қазақстан туралы көп білемін деп айта алмаймын. Бірақ Орталық Азияны аралауды Қазақстаннан бастап жатырмын. Осында келуге және ұлттық салт-дәстүрімен, адамдарымен танысуға шақырған керемет досым бар. Ұлты қазақ. Астананы бірге аралап, жақсы қыдырамыз деген ойдамын.
Мәселен, былтыр елордаға 1 млн-нан астам турист келген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының дерегіне сәйкес 76 пайызы ішкі туристердің үлесіне тиесілі. Қалған 24 пайызы шетелдіктер. Көп турист көрші Ресейден келіпті – шамамен 100 мың адам. Екінші сатыда қытайлықтар – 31 мың мейман. Үшінші орында түріктер – 13 мың қонақ.
Мумина Кенжалиеваның гид қызметіндегі еңбек өтілі 20 жылдан асады. Мысырда білім алып, мансап жолын араб елінде бастаған. Бірнеше тілді жетік меңгерген. Мемлекеттік мекемелердің және лауазымды тұлғалардың тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Қарамағында 50-ге жуық қызметкері бар. Қазақстанда тағы араб елдерінде түрлі мәдени іс-шараларға атсалысып, мәртебелі меймандарды қарсы алады. Гид, экскурсия және аудармашы қызметтерін ұсынады.
Мумина Кенжалиева, гид қызметкері:
- Экскурсовод, гид аудармашының ең бірінші қабілеті өз Отанын сүйе білуі керек, патриот болу керек. Өйткені әр гид аудармашы - өз Отанының елшісі. Қонаққа өз мемлекетін жан-жақты айта білуі керек. Тарихи, мәдени, тілдік жағынан болсын.
Білікті маманның айтуынша, араб елдерінде айына жоғары лауазымды тұлғаларға гид жалдау құны 2 мың АҚШ долларынан басталады. Экскурсия мерзімі аяқталған соң, қызметкерлерге қосымша шайпұл да төленеді. Мәселен, Қазақстанға келген шетелдік ВИП-қонақтарға Бурабайды көрсету үшін гид әрі аудармашы қызметінің құны 70 мың теңгеден басталады.
Рамин Гарагурбанлы, әзербайжандық турист:
– Қазақстанға бірінші рет келіп отырмыз. Ұлттық музейде Қазақстанның бай әрі терең тарихымен таныстық. Жергілікті экскурсия қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Олардың еңбегі ерен. Бәрін егжей-тегжейді түсіндіріп берді. Осы сәтті пайдаланып, бұл саланың барша қызметкерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді.
Айта кеткен жөн, былтыр еліміздің ұлттық саябақтарына 2 млн 800 мың турист барған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда саяхатшылар саны 18%-ға өсіп отыр. Экотуризмге деген сұраныстың жоғарылауы табиғи көрікті жерлерімізге қызығушылықтың артқанын аңғартады. Болашақта Каспий маңындағы елдер арасында круиздік туризмді дамыту жоспары тағы бар. Көрші елдермен бірлесе жасалатын бұл жоба 2030 жылға дейін қолға алынуы мүмкін.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Серік Қоңырбаев