Түркістан облысында жемқорлық туралы хабарлағандар сыйақы алды

Былтыр Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 5 азаматқа 1,7 млн теңге сыйақы берілді.

Бармақ басты, көз қысты әрекетке білім, спорт, әлеуметтік қорғау, ауылшаруашылығы, жер қатынастары және құрылыс салаларында жол берілгені анықталды. Азаматтарды ынталандыруға арналған сыйақы мөлшері жемқорлық қылмысының ауырлығы мен дәрежесіне қарай төленеді. Мысалы келтірілген шығын көлемі мың АЕК болса, сыйақы соның 10 пайызын құрайды. Алайда заң талаптарына сәйкес, қандай қылмыс туралы хабарласа да сыйақы мөлшері 4 мың АЕК-тен аспайды яғни 15 млн теңгені құрайды. Айта кеткен жөн, заң мен тәртіпті сақтау аясында азаматтарды ынталандыру үшін берілетін сыйақы бірден төленбейді. Хабарлама сыбайлас жемқорлық әрекеттің жолын кесуге, ашуға және тергеуге ықпал етіп, соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана сыйақы беріледі.

Ғалымжан Құлманов, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаменті басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері:

- Соңғы 3 жылда жемқорлық қылмысының жолын кесуге жәрдемдескен 30 тұрғын 7,4 млн теңге сыйақы алды. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы жалған ақпарат бергендер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.